Исатайлық спортшылар мен жанкүйерлер самбо күресінен ел чемпионатында топ жарған Қадыр Нұрзила бастаған жас палуандарды құрметпен күтіп алды, деп хабарлайды ATPress.kz.
Атырау облысы Исатай аудандық білім бөліміне қарасты «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының шәкірті Қадыр Нұрзила Ақтау қаласында жасөспірімдер арасында самбо күресінен өткен Қазақстан Республикасының Чемпионы атанған еді. Клуб директоры Асхат Жұмабеков бастаған аудан спортшылары мен спорт жанашырлары чемпионды ерекше ықыласпен қарсылады.
- Ел чемпионы болу – үлкен жетістік. Өйткені бұл - алдағы биік белестердің алғашқы қадамы. Бапкерлерінің еңбегі мен қызымыздың табандылығы арқасында ауданымыздан тағы бір Қазақстан чемпионы шықты. Алда құрлық, әлем біріншіліктері күтіп тұр. Енді босаңсымай, соған дайындалу қажет, - деді «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының директоры Асхат Жұмабеков.
Бұған дейін де біраз чемпиондарды тәрбиелеген білікті бапкер Нұрзиланың да алар асуларына сенімді.
- Шәкірттеріміздің арасында жастарымыз үлгі тұтар палуандар аз емес. Солардың бірегейі саналатын жауынгерлік самбодан ересектер арасында Азия чемпионы, әлемнің күміс жүлдегері Еркебұлан Қуанғалиев «Барыс» клубының спорт нұсқаушысы болып қызмет атқарса, самбо күресінен жастар арасында әлем чемпионы Абылайхан Мейрамбекұлы – мектебіміздің алғашқы түлектерінің бірі. Одан өзге де мақтан тұтатын шәкірттеріміз аз емес. Солардың қатарына бүгін Қадыр Нұрзила да қосылып отыр, - дейді клуб директоры.
Нұрзиланың жеке бапкері Тұрар Ризуанов 300-ге жуық жас палуан бақ сынаған додада шәкіртінің жоғары өнер көрсеткенін айтады.
- Қадыр Нұрзила +72кг салмақ дәрежесінде белдесті. Шаршы алаңдағы алғашқы кездесуінде Қызылорда облысының палуанын айқын басымдылықпен жеңсе, екінші кездесуінде Алматы облысынан келген палуан қызды таза ұтып, ақтық айқасқа жолдама алды. Алтын жүлде сарапқа салынған ақтық сында БҚО-нан келген қарсыласынан айласын асырып, ел чемпионатының жеңімпазы атанып отыр. Сондай-ақ самбо күресінен Армения мемлекетінде өтетін әлем біріншілігіне жолдама алды. Бұдан бөлек ол биыл белбеу күресінен Қазақстан біріншілігі күміс жүлдегері атанған. Қазан айында оның да әлем біріншілігі күтіп тұр, - дейді жаттықтырушы.
Айта кетейік, Нұрзила – Исатай ауылындағы Исатай орта мектебінде білім алады.
Ақтау қаласынан олжа салып, құрметке бөленген спортшылардың арасында Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Айбек Абзал мен Сапарғали Олжас та бар. Олар ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды.