Атырау футзал клубы ел чемпионатының жартылай финалына өтті, деп хабарлайды ATPress.kz.
Өткен аптаның соңында Атырау командасы өз алаңында «Ақтөбені» қабылдап, келесі айналымға өтті. Кездесудің алғашқы күні есе жіберген жерлестеріміз жексенбі күні өткен қарымта додада қарсыластарынан 5:1 есебімен басым түсіп, мықтылықтарын мойындатты.
Алайда, ел біріншілігіндегі соңғы кездесулер Атырау үшін оңай болған жоқ. Әсіресе, Каспий командасымен болған тартысты ойынның алғашқысында жеңіске жеткен жерлестеріміз екінші кездесуде есе жіберді.
Ақтаулық командаға жеңілуімізге не себеп болды? Ақтөбемен болған алғашқы ойында қолда тұрған жеңістен айырылып қалғанымыз қалай?
Бұл туралы ATPress.kz тілшісі команданың
бас бапкері Жақсылық Байсариевтен сұрап білді.
- Ақтауда өткен алғашқы ойында атыраулық команда табандылық танытып, жеңіске жетті. Бірақ, келесі күні сүреңсіз ойнап, ойсырай ұтылды. Ашығын айтайық, алғашқы күні жанкүйерлерден қысым байқадық. Тіпті, алаңда болған қақтығысты да көрдік. Команданың жеңіліске ұшырауына алаңдағы аура әсер етпеді ме?
- Иә, ол кездесуде жанкүйер тарапынан тәртіпсіздіктер болды. Тіпті, ойыншыларды жейдесінен тартып, қоқан-лоққы көрсеткендеріне куәміз. Бұл – спорт. Онда бұндай дөрекіліктер болмауы тиіс еді. Дегенмен, олардың әртүрлі лас сөздер мен әрекеттер арқылы командамыздың мысын басқысы келгенін байқадық. Бірінші ойын біз үшін сәтті өтті. Ал, келесі күні жанкүйерлердің әдепсіз әрекеттері әсер етпей қоймады. Оның үстіне алғашқы күні жігіттерді арашалаймын деп сары қағаз алып қалдым. Бұған дейінгі бір есертуім ескеріліп, келесі күні мені бапкер ретінде ойынға қатыстырмады. Бір сөзбен айтқанда, психологиялық шабуыл көп болды.
- Ондай тәртіпсіздікті жазасыз қалдырмау керек шығар. Шағым түсірген жоқсыздар ма?
- Әрине, шағымдандық. Федерация мәселені талқылап жатыр. Бір білетініміз, ақтаулық командаға айыппұл салынды. Басқа қандай шара қолданылатынын алдағы уақытта білетін боламыз.
- Ол ойында төрешілердің де бір бүйрегі алаң иелеріне бұрғандай ма, қалай?
- Енді, айт не, айтпа не, болар іс болды ғой. Қай жағынан да аяқтан шалуға тырысқанын көрермен іштей сезіп отырған шығар...
- Түсінікті. Осының алдында ғана Алматының «Қайраты» осы «Каспийге» есе жіберді. Бұған дейін бет қаратпай келген ел чемпиондары екі ойында да ұпай жоғалтады дегенге сенбегендер көп. Қалай ойлайсыз, командалар арасында келісім болуы мүмкін бе?
- Кім білген? Бәрі де мүмкін. «Қайратқа» жоғалтар ештеңе жоқ. Ол - алар ұпайын алған команда. Нақты бірдеңе деп айту қиындау...
- Жарайды, енді «Ақтөбемен» болған кездесуге келсек. Өз алаңымыздағы бірінші ойында неге ұтылдық?
- Шынын айту керек, жігіттер қарсыластарын бағаламай шыққан тәрізді. Оларға негізгі тапсырма берілді. Алайда, жеңіп тұрып, соңғы сәттерде босаңсып кеттік. Қарсыластың еркін ойнауына жол беріп, «бағананың» (столб) рөлін атқаратын ойыншыны қоспай қойдық. Келесі күні оларды ескеріп, жігіттерге талап қойылды. Екінші кездесуде ойдағыдай ойын көрсеттік деп ойлаймын.
- Жартылай финалға шықтық. Ендігі қарсылас кім?
- Ендігі қарсыласымыз – Алматының «Қайраты». Егер «Бәйтерек» «Каспийді» жеңгенінде, жартылай финалдық сында «Аятпен» кездесетін едік. Ол - әрине, «Қайратқа» қарағанда жеңілдеу команда. Бірақ, «Каспий» кезекті жеңісіне жетіп, біздің ендігі жолымыз азулы «Қайратпен» түйісіп тұр. Не де болса барымызды саламыз. Ойын осы аптада өтеді.
- Әңгімеңізге рақмет!