Атырауда өткен веложарысқа Александр Винокуров пен Илья Ильин қолдау көрсетті

ATPress.kz. 1 мамыр. Атыраудың орталық көшелерімен жүріп өткен 1500 велосипедшінің арасында Александр Винокуров пен Илья Ильин де бар.

«Веложарысқа алдын ала 900 адам онлайн тіркеуден өтіп жазылған болатын. Жарыс басталар алдында Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры алдында 600 адам тағы да тіркелді», - дейді ұйымдастырушылар. 

Веложарысты қолдауға астаналық «Astana Pro Team» командасы да арнайы келді. «Қатысушылар осынша көп болады деп ойламадым. Қайырымдылық аукционы веложарыстан кейін кешке өтті. Сол жерде 4 коллекциялық велосипед пен біздің команданың аксессуарлары ойнатылды, - дейді Олимпиада чемпионы Александр Винокуров

Веложарыс қортындысы бойынша жеңімпаздар бес аталымда анықталды: ең жасы үлкен қатысушы 66 жастағы Ғимран Ақботин, ең жас қатысушы 4 жастағы Айя Саламат деп танылды. Алты адамнан құралған Бисалиевтер отбасы «Спортшылар отбасы» аталымын жеңіп алды. Ең креативті велосипедтің иесі Бақытжан Шайхиев деп танылса, Марат Наурызғалиевке ең креативті киімі үшін жүлде берілді. Барлық жүлдегерлер сыйлыққа велосипед алды. 

Жеңімпаздарды марапаттау шарасынан кейін Атыраудағы сұлтан Бейбарыс алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті. Бағдарлама арнайы осы шараға орай жазылған әнұранмен қортындыланды.

«Шара Александр Винокуровтың қоғамдық қоры, Атырау спортын дамыту мен қолдау қоғамдық қоры және Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды», - деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Тасым Әбіш