ATPress.kz. 28 наурыз. Атырауда жауынгерлік жекпе-жектің аралас түрлері бойынша ММА-дан облыстық бесінші чемпионат өтті.
«Чемпионат барысында спортшылар жеті салмақ түрі бойынша шаршы алаңда бақ сынасып, жеңімпаздар республикалық сайысқа жолдама алды», - деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Екі күнге созылған чемпионатқа облыс бойынша алпысқа жуық спортшы қатысып, бақтарын сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеті салмақ бойынша, бірінші және екінші орын алған спортшылар Қазақстан чемпионатында бақ сынайды. Жеңіске жеткендері Азия чемпионатына қатысатын болады.
Сайыс қорытындысына келсек, 56,7 келі салмақ бойынша Ақылбек Ғарифуллин жеңіске жетсе, 61,2 келі салмақ дәрежесінде Олжас Молдағалиев жеңіс тұғырынан көрінді. 65,8 келі салмақта Джахар Шапхатов өз қарсыласынан басым түсіп, бірінші орынға табан тіреді. 70,3 келі салмақта Аманбек Бекмұратұлы жеңімпаз деп танылды.
Ал, 77,1 келі салмақ дәрежесінде Азамат Утеулиев жеңіс тұғырынан көрінсе, 83,9 келі салмақта Артем Трембач бірінші орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ, соңғы 93 келі салмақ дәрежесінде Георгий Кварнани өзінің қарсыласынан басым түсіп, жеңіске жетті.
- Бүгінгі күнде федарациямыз жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Азия чемпиондары мен әлем чемпионатының финалистерін, сонымен қатар, Қазақстан чемпиондарын дайындадық. Қазірде солардың ізімен жүріп келе жатқан жас буындар нәтижелі көрсеткішке қол жеткізіп келеді, - дейді Атырау облысының ММА федерациясының вице-президеті Болат Байжанов.
Тасым Әбіш