Бүгін Атырау облысына арнайы сапармен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы келді. Сапардың басты мақсаты Атырау жұртшылығымен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Сапар аясында Президент кеңесшісі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұжымы және студенттерімен кездесті. Оқу орнының акт залында болған кездесуге Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысты.
Өз сөзінде Мәлік Отарбаев қазіргі ел басқару форматы мен мәдениеті өзгергендігі турасында айтып, жастарға, жалпы адал қызмет етемін деген әрбір қазақстандыққа бар мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті.
«Мемлекетіміздің басты қағидаты – әділдік. Елде әділетсіздік болмауы үшін, ең алдымен өзіміз әділ бола білуіміз керек. Мемлекетке қызмет ететін азаматтар да кез-келген шешімді қабылдамас бұрын әділдік басты принципі болуы шарт. Сонда ғана біз әділетті Қазақстан – адал азамат қоғамын қалыптастыра аламыз», – деді Мәлік Отарбаев.
Атырау университетінің студенттері Жолдауда айтылған педагог мәртебесі мен атом электр станциялары турасында сұрақтар қойды.