Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде полицияны модернизациялау мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр. Пилоттық жобалар қолға алынды. Соның арқасында тұрғындармен тығыз жұмыс жасайтын бөлімшелердің қызметі реттелді. «Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты шаралар қабылдануда. Осы қарқынды тоқтатпау керек. Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістікпен шектеліп қалуға болмайды. Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қарапайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу саласына да назар аударған жөн. Бұл – құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі. Әрине, оның өзіндік ішкі тәртібі мен ережелері бар», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде полицияның жұмысына әлі де шағым көп екенін жеткізді.
«Бүгінде азаматтарымыз өздерінің заңды құқықтарын, конституциялық бостандықтарын және жеке меншігін қорғау үшін мемлекетке жүгінеді. Олар қиын жағдайға тап болғанда билік өкілдері әділдікті тез арада қайта орнатады, кінәлілерді жауапқа тартады және шығынды өтеуге көмектеседі деп үміттенеді. Сондықтан арыз-шағымдарды барынша жылдам әрі кәсіби түрде қарастырып, әрекет ету қажет. Алайда шағымдардың көптігі құқық қорғау жүйесінің бұл міндетті тиісті деңгейде атқара алмай жатқанын көрсетеді. Азаматтар жылдар бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырып, нақты жауап таппай, шындыққа қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын әзірледі. Бұл құжат тергеушілердің және анықтаушылардың жұмысын жеңілдету үшін керек. Басты мақсат – оларды артық рәсімдерден, құжаттардан арылту. Түптеп келгенде, мұның бәрі сіздерге көмек сұрап келген азаматтар үшін жасалып жатыр», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.