Орталық референдум комиссиясы төрағасының қатысуымен 2024 жылғы 6 қазанда Республикалық референдумды өткізу мәселелері бойынша кеңес өтті. Басқосуға референдум комиссия мүшелері мен төрағалары, мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдары өкілдері қатысты,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірлерді аралаудағы басты мақсат - Республикалық референдумға дайындық жұмысымен танысып, комиссия мүшелерін оқыту және емтихан алу.
-Атырау облысында референдумға дайындықты 7 аудандық, 1 қалалық және 1 облыстық комиссия орталығы бастады. Бүгін жұмыс барысымен таныстық. Қандай да бір мәселе туындаған жағдайда бірігіп шешуге дайынбыз,- деді ҚР орталық референдум комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әкімдік жанынан арнайы құрылған штаб жұмысы мен науқандық учаскелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен таныстырды.
- Бүгіннен бастап телеграм жүйесінде сайлаушылар тізімінде өзін-өзі іздеу және сайлау учаскесін анықтау мақсатында «ТелеграммБот» іске қосылады. Оған қоса, қазіргі заман талабына сай , тұрғындарға, байқаушыларға және ОБСЕ мүшелеріне референдум учаскелерін іздеп табу процесін жеңілдету мақсатында 2ГИС мобильді қосымшасына облысымыздың 274 сайлау учаскесінің мекен-жайы енгізілуде. Алдағы аптада толық іске қосылады,- деді Жасұлан Бисембиев.
Айта кетейік, өңірде жалпы есеп бойынша 400 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие. Нақты қатысушылар тізімі 16-шы қыркүйек күні орталық референдум комиссиясына тапсырылатын болады.