Орлы ауылдық округіне қарасты №176 референдум учаскесінде науқан қызықты өтуде. Комиссия төрағасы Төребай Рысқалиев.
Мұнда Орлы ауылдық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлттық киімін, кимешек киіп келген әжелер дауыс беріп қана қоймай, қатысушыларға өз өнерлерін де тарту етіп, әдемі әндер орындады. Учаскеге келгендер шағын концертті тамашалап, науқанға белсене қатысқан үлкендеріміздің бұл өнеріне сүйсініп, ризашылығын білдіріп жатты.
Аталған учаскеде 1631 сайлаушы тіркелген, 3 байқаушы қатысып отыр. Азаматтық міндетін жақсы түсінген ауыл тұрғындарының референдумға қатысы жақсы. Солардың қатарында аудан әкімі Абат Жанғалиев жұбайымен келіп, өз таңдауын жасады.