Жұлдыз су астында қалуы мүмкін... (+ВИДЕО, ФОТО)

AtyrauPress тілшісі мәселенің мән-жайын білмек болып аталған аумақтың тұрғындарымен кездесті.

Жұлдыз елдімекенінің тұрғыны Айгүл Досқалиеваның айтуынша, былтыр көктемде жер асты суының деңгейі көтерілгелі мұндағылардың мазасы қашқан.

– Үйлеріміз су үстінде тұр, көктемде бау-бақшамыз шіріп кетті. Жазда кеуіп үлгермеген су шіріп, антисанитарлық жағдай туғызды. Осыған орай, орталық кәріз бен дренаж жүйелерін жүргізуді сұрап, жергілікті әкімдік пен Президентке де арыз жолдадық. Бұл сазды жер болғандықтан, дренаж жүйесін қажет етеді. Ол жерасты суын бір қалыпта ұстап тұрар еді. Мұның бәрі жер берілмес бұрын жасалуы тиіс жұмыстар ғой. Бірақ, әкімдік өкілдері бұл олқылықты мойындамай отыр. Ал, шындығында осының бәрі Бас жоспарда егжей-тегжейлі көрсетілген. Біз орынсыз талап қоюдан аулақпыз. Тек заңға сәйкес шаралар алынғанын қалаймыз. Осыны айтып, сот көмегіне де жүгіндік. Сот отырысы басталып, бірнешеуі өтті. Әлі де жалғасып жатыр. Оның қорытындысы өткен аптада шығуы керек еді, бірақ бір арызданушының қайтыс болуына байланысты кейінге шегерілді, - дейді ол.

 

Ал, әкімдік өкілдері Бас жоспардың ұзақ мерзім ішінде жасалғанын алға тартуда.  Бірақ, заңдылығында, дренаж жүйесі инфрақұрылым желісі жүргізілген кезде бірге жасалуы керек екен. Кезінде бұл аумақ пайдалануға берілгенде де әкімдіктегі мамандар екі жылда үй салынбаса, жердің қайтарылатынын ескертіпті. Содан тұрғындар кредит алып, қарызға белшеден батқан. Сөйткен үйлер қазір су үстінде тұр.

Гидролог мамандардың айтуынша, күз мезгілінде жерасты суының деңгейі аз да болса төмендейді екен. Дұрысында оның деңгейі 2 метрден төмен болуы керек. Ал, Жұлдызда 80 сантиметрден су шығып жатыр. Өзіміз көргендей, үйдің фундаменті мен қабырғалары суланып, құлауға шақ тұр. Күз бен қыста аса қауіпті болмауы мүмкін. Бірақ, күн жылығанда жағдай ушығып кетеді. 

Бұл мәселемен қазір заңгер-кеңесші Ләззат Жандолақызы жан-жақты айналысып жатыр. Біз одан мәселенің шешілетін түрі бар ма жоқ па, соны сұрадық.

«600-ден астам адам сотқа қатыса алмайтындықтан, олардың атынан бес тұрғын талап-арыз берді. Бұл жерде даулы мәселе өте көп. Жайықтың сол жағалауында орналасқан Жұлдыз елдімекені кәріз жүйесіне мұқтаж. Оны оң жағалаудағы Нұрсая секілді елдімекендердің жер құрамымен салыстыруға келмейді. Естеріңізде болса, 2012 жылы Геолог елдімекені суға батып, тұрғындарды әбден әбігерге салған еді ғой. Тіпті, төтенше жағдай жарияланды. Бұл қатарға кейін 2017 жылы Жұлдыз қосылды. Яғни, бұл бүгін ғана пайда болған проблема емес. Қар мен жаңбыр жауса болғаны, үй ішіне су толып кетеді. Мұны шұғыл шешпесе, болмайды» дейді заңгер.

Енді мәселенің қалай шешілетіні тек сот қорытындысы шыққан соң ғана нбелгілі болмақ. Ал, әзірге күтуден басқа амал жоқ.