АТЫРАУҒА БІР ТОП РЕСЕЙЛІКТЕР КЕЛДІ...

Ресейдегі әскери мобилизацияға орай, Астрахан қаласының бірқатар тұрғындары Атырауға келіп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгін таңғы сағат жеті шамасында Астрахан-Атырау бағытындағы жолаушылар пойызын AtyrauPress сайтының тілшілері де күтіп алған еді. Байқағанымыздай, келушілер қатарында әскерге шақырылатын жастағы азаматтар да бар. Олармен тілдескенімізде көбісі келу себептерін нақты атап көрсете алмады. Мәселен, Николай есімді жігіт Атырау қаласы арқылы Астанаға бара жатқанын айтты.

«Жұмыс бабымен Астанаға баруым керек болды. Ал, жеке өзіме военкоматтан шақыру келе қойған жоқ. Егер шақырып жатса, қайта баратын болармын. Әзірге Қазақстанда боламын» дейді ол.

Біз тілдескіміз келген жас жігіттер сұхбат беруден бас тартты. Көбісі бейнекамераға түсірмеуді өтінді. Сондықтан тек қысқа әңгімелесуге ғана мүмкіндік болды. Тағы бір жігіт Грозный қаласынан келе жатқанын айтты. Ол Ресейдегі ахуал тұрақты және шекарадағы жағдай да бірқалыпты екенін жеткізді. «Алаңдайтындай ештеңе болып жатқан жоқ деп ойлаймын. Шекара бекетінде де бізді көп ұстай қойған жоқ, күнделікті тексеріс. Әрі, мен тұратын Шешенстанда әскерге шақырту жүріп жатқан жоқ. Себебі, онда бұл жоспар бұған дейін де артығымен орындалып қойған» деді ол. Айта кетейік, бүгінде елімізге кіріп жатқан көлік нөпірі 20 пайызға артқан. Қазақстанға биыл 4,3 млн шетелдік және 1,66 млн ресейлік келгені белгілі болып отыр. Олардың көбісі елдеріне оралған. Қазір елімізде 20 мың Ресей азаматы жүр. Пойыздан түскендердің ішінде астрахандық қазақтар да бар. Тарихи отандарына оралып жатқан олар әскери мобилизацияны қолдамайтындарын айтып қалды. Айтуынша, Ресейдегі қазақтардың 20 пайызы Астраханда тұрады. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде шаруашылықпен айналысады. Сондықтан олар тек полиция немесе әскери қызмет саласында жұмыс жасауға мәжбүр. Басқалай жолы жоқ екен.

«Украинадағы арнайы операцияға тартылғандар қатарында астрахандық қазақтардың үлесі басым. Себебі, олардың көбі ауылда тұрады. Яғни, қаладағыдай жұмыс жоқ. Ендеше, әскерге бармағанда не істейді? Әрі, әскери билеті барларға оқу да тегін, жұмыс та дайын. Маған да әскери қызмет ұсынған жағдайлар болды. Жалақысы жоғары болса да, бас тарттым. Қателеспесем, 2012 жылы Ресейде әскери қызметке зор көңіл бөліне бастады. Өзімді айтсам, Атырауда ата-анам тұрады. Алдағы уақытта Қазақстан азаматтығын алуды жоспарлап отырмын» дейді атын атамауды өтінген жігіт.

Айтпақшы, бұл пойызды тағатсыздана күткен такси жүргізушілері жолақы құнын екі емес, үш-төрт есеге өсіріп жіберді. Араларында, тіпті, қаланың ішіне 1000 рубль, яғни, 8 мың теңге сұрағандары да болды.