Атыраудағы жылы аялдамалардың есіктеріне қай кезде құлып салынады?

Мұнайлы өлкенің орталығындағы аялдамалардың кейбірі жылытылмай тұр. Әсіресе, таңертең және кешке ары-бері сабылған жұртшылық бір ауық жылы жерде автобус күткенді қалайтынын айтып шағымдануда.

Атырау қаласында 22 аялдама бар болса, соның 18-і жылытылады.  Өкінішке қарай, соның бесеуінің іші азынап тұр. Атап айтқанда – «Дина» базары жанындағы 2 аялдама, «Мерей» базарының,  Амандосов көшесіндегі «Колледж» және «Жилгородок» аялдамаларының іші суық. 

Қала тұрғыны Надежда Ефимова «Жилгородок» аялдамасының біраз уақыттан бері жылытылмайтынын айтып шағымданды. Атыраудың аязды, желді күндері сая болатын аялдамалардың бәрін жылы деп айта алмайсыз.

- Аялдаманың суықтығы өткен күндердегі аяздарда қатты білінді. Таңертең жұмысқа барарда автобусты жылы жерде күткенге не жетсін. Аялдамаға кірдің не, сыртта күттің не? Бәрібір сол температура. Тоңсаң да далада таза ауада тұрған дұрыс, - дейді Н.Ефимова.

Атырау қаласының тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Мұхтар Сағындықовтың айтуынша, аталған аялдамаларда жылу техникасының пульттары ұрланған. Ал тағы екеуінің терезесі сынған.

- Өкінішке қарай, аялдамаларды жылытатын техниканың пультын ұрлап кеткен. Онсыз кондиционерді қоса алмаймыз.  Қалалықтар тарапынан аялдама ішіне қоқыс тастау, терезесін сындыру секілді жағдайлар жиі орын алады. Мәселен, қазірдің өзінде екі аялдаманың терезесі шытынап тұр. Оны ауыстыру үшін де уақыт керек. Қазір біз Орал қаласына күйдірілген шыны шығаратын зауытқа тапсырыс бердік. Пультті де түгендеу керек. Бастапқыда түнгі уақытта аялдамалар ашық тұрды. Сол кезде тұрақты мекен жайы жоқ адамдар  оларды жатын орнына айналдырып, ішін ластап кетуші еді. Енді аялдамалардың есігі  таңғы сағат 07.00-де ашылып, кешкі 21.00-де кілттенеді, - дейді М.Сағындықов.

Расында да алғашқы кезде ашық тұрған жылы аялдамалар кім көрінгеннің тұрағына айналды. Бірін белгілі бір тұрағы жоқ адамдар пана етсе, енді бірінде маскүнемдер жиналды. Ол аз десеңіз, еріккен бұзақылар да терезе сындырып, ұрлық жасап кесірін тигізді.

- Аялдамаларды ластап кету, соның салдарынан жағымсыз иіс шығу жағдайлары жиі орын алды. Осы ретте «Спецавтобаза» мекемесінің жұмысшылары ішін тазалап, жаман иісті кетіру үшін хлормен жуды. Қазір де тазалыққа жіті мән береді. Күн сайын автобустардың рейсі аяқталған соң тазалап, есігін жауып кетеді. Түнде бұрынғыдай кім болса сол кіре алмайды. Бізде арнайы WatsApp чат ашылған. Сонда аялдамалардағы кем-кетік фото, видео түрінде  хабарланып отырады, - деді М.Сағындықов.

Қазіргі таңда 8 аялдама сенімгерлік басқаруға тапсырылған. Қалғаны Атырау қаласының тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меншігінде және олардың барлығы қазір жылытылып тұр. 

Естеріңізге сала кетейік, қалаға жылы аялдамалар осыдан 3 жыл бұрын орнатыла бастады. Әр аялдаманың құны - 12 млн теңгеге бағаланған.

Жауапкершілікті біреуге арта салған оңай. Бірақ тұрғындар тарапынан да жанашырлық пен жауапкершіліктің болғаны аздық етпейді.