Дәрігерлер оларды ультракүлгін кабинасында емдеп, жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды ATPress.kz.
Атырау қаласындағы облыстық тері-венерологиялық диспансерінде дәрігерлер 2013 жылдан бері витилиго ауруын орташа толқынды UVB 311 нанометрді құрайтын ультракүлгін кабинасында емдеп келеді. Нәтиже бар. Тек емдеу барысы ұзақ болғандықтан, оған шыдамдылық танытып, үздіксіз әрі уақытында келу қажет. Өкінішке қарай, дәрігерлердің айтуы бойынша пациенттердің басым бөлігі ұзақ емделуге төзімі жетпейді және витилиго емделеді дегенге де аса сене бермейді.
(Фото интернеттен алынды)
Облыстық тері-венерологиялық диспансерінде жұмыс істейтін медбике Шынар Даумова күн сайын осы диагнозбен келетін науқастарды ультракүлгін кабинасында ем алу үшін дайындайды. Яғни, арнайы күннен қорғайтын витиликс, витиксин кремін жағады, қорғаныш көзілдірігін кигізеді, науқасты кабинаға кіргізеді және таймерді дәрігердің нұсқауы бойынша белгіленген уақытқа қояды. Науқастар кабинада кем дегенде аптасына 3-4 рет емделеді.
Мұнда кабинадан бөлек, тағы ашық түрдегі ультракүлгін шамдары бар аппарат іске қосылған. Ол денесінде ақтаңдақтары аз пациенттерге арналған екен. Осындай құрылғының көмегімен 8 жасар бала толық емделіпті.
- Бізге 2014 жылы туған бала келіп емделді. Оның бетіне витилиго шыққан болатын. Үзбей келіп ем алуының нәтижесінде толық жазылып кетті. Қазір бетінде ақтаңдақтың ізі де қалмады. Ата-анасы қатты қуанды, - дейді Ш.Даумова.
Ультракүлгін кабинасында фототерапия 30 секундтан біртіндеп 15 минутқа дейін жетеді. Яғни әр сеанс сайын оның уақыты ұзарып отырады. Соның нәтижесінде ақ дақтар қызарып, соңынан оның бетіне қара сепкіл түсе бастайды. Осылайша, ол сепкілдердің аумағы үлкейіп, тері табиғи реңк алады.
Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің директоры Мира Бердешеваның айтуынша, фототерапия алатын кабинаның құны – 32 млн теңге. Құрылғының ішіндегі шамдар ультракүлгін сәулесін адамға зияны тимейтіндей, өз мөлшерінде шашады. Айта кетейік, 2013 жылы осы кабина сатып алынғалы бері мыңнан астам атыраулық ем алып, шипасын көрген.
-Фототерапиямен тек витилигоны емес, сонымен қатар псориаз, атопиялық дерматит, алопеция, дерматит, лишай, экзема және тағы басқа ауруларды емдейміз. Осылардың ішінде ең ұзақ емделетіні – витилиго. Шыдамдылық танытып, жазылатынына сеніп келген науқастар бұл аурудан жазылды. Мәселен, бір үлкен кісі және 7 жастан жоғары екі баланың денесіндегі дақтар кетіп, терісі қалпына келді. Әлі үздіксіз емге келіп жүргендері бар. Олар да жақсы жаңалықты көріп, қуанып жатыр. Емнен нәтиже көру үшін шыдамдылық танытып, дәрігердің берген кеңестерін мүлтіксіз орындау қажет. Кей науқастарда дақ жылдам кетсе, енді бірі бір жылдан астам емделеді. Ол ақ дақтың көлемі мен шыққан уақытына байланысты. Егер пайда болғанына бірнеше ай болса, кетуі де тез, - дейді Мира Бердешева.
Диспансер директорының айтуынша, тағы да ультракүлгін сәулесімен емдейтін шағын аппарат алу жоспарда бар. Ол біз айтып отырған кабина секілді жабық емес, ішінде 8 шағын шамы болады және құны 10 млн теңгенің төңірегінде. Оны ақтаңдағы аз науқастарды емдеуде қолайлы болады.
Биыл 5 ай ішінде витилиго диагнозы қойылған 24 науқас диспансерге тіркелген. Ал жалпы есепте тұрғандардың саны – 383. Бұл тек ресми статистика. Дәрігерлердің сөзінше, Атырау облысында шамамен витилиго диагнозы 500-ден астам адамға қойылған.
Айта кетер басты нәрсе - витилиго жұқпалы ауру емес.
Басты фото ашық дереккөзден алынды.