ATPress.kz. 18 сәуір. Атырау облысында экстремизмнің алдын алу бағытында құрылған топ Жылыой ауданындағы «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жұмысшыларының мәселелерін тыңдап, діни жат ағымдардың белгілерін түсіндірді.
Аталған басқарма Жылыойдағы ең ірі кәсіпорын. Мұнда шетелдік азаматтар да еңбек етеді. Кездесу барысында мұнайшылар, аудандағы діни ахуалға байланысты көкейде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды.
Дін істері басқармасының өкілі Айбек Аташевтың айтуынша, діни әдебиеттерді сату да экстремизмнің таралуының бір жолы. Тұрғындар діни кітаптарды сатып алған кезде арнайы белгіленген орындардан, мешіттерден, ғибадат орындарынан алу керектігін немесе дүкендерден арнайы сараптамадан өткен кітаптарды тұтыну қажеттігін айтқан топ мүшелері, дәстүрлі дін мен жат ағым ұстанушылардың айырмашылығын түсіндіріп өтті.
"Жылыоймұнайгаз" басқармасының менеджері Табылды Қанатбаевтың айтуынша, мекемеде 1300-ден астам адам қызмет етеді. Басқармаға қарасты 11 мұнай өндіру нысаны бар. Мұнда бұған дейін терроризмге қарсы оқу-жаттығу жұмыстары жүгізілген.
Атырау облыстық прокуратурасының бөлім бастығы Аслан Нұрғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда əсіресе, жастар мен балалардың теріс пиғылды діни ағымдардың жетегінде кетуіне интернеттің ықпалы зор болып отыр.
- Сіздер ата-анасыздар. Көп жағдайда балалар үйде қараусыз қалып жатады. Осыдан олар білместікпен ғаламтордағы теріс сайттарға кіріп, сондағы ақпараттармен санасы улануда. Оны өзі ғана оқып қоймай, өзгелерге таратады. Ақырында жауапкершілікке тартылып жатқандар да аз емес, - дейді прокуратура өкілі.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі