«АМӨЗ» ЖШС жалған ақпарат таралуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ulysmedia басылымының телеграм-арнасында және басқа да ақпарат көздерінде «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпараттың жариялануына байланысты аталған мекеме ресми мәлімдеме жасады.
– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта «АМӨЗ» ЖШС мен оның басшылығының атына құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай ресми хабарлама немесе сұраныс түскен жоқ. Тергеудің жүріп жатқандығы туралы ақпарат зауыт пен оның қызметкерлерінің беделіне нұқсан келтіруге бағытталған әрекет. «АМӨЗ» ЖШС өз қызметін штаттық режимде, өндірістік тапсырмаларды адал орындап, Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтай отырып жалғастыруда. Біз барлық БАҚ өкілдері мен жарияланым авторларын жалған, тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз. Мұндай әрекеттер қоғамды жаңылыстырып қана қоймай, сонымен қатар кәсіпорынның іскерлік беделіне және қызметкерлердің әл-ауқатына зиян келтіреді. «АМӨЗ» ЖШС жалған мәліметтер одан әрі таралған жағдайда өзінің заңды мүдделерін қорғау мақсатында жалған ақпаратты таратушыларды жауапкершілікке тарту үшін құзырлы органдарға жүгіну құқығын өзіне қалдырады, - делінген хабарламада.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ