Рамазан айындағы підия мөлшері 2023 жылға 3 мың теңге болып бекітілді

Підия мөлшері – бір адамның күнделікті тойып ішетін асы.

ҚМДБ төрағасының орынбасары, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов пітір мен підия садақаларының биылғы мөлшері бойынша түсініктеме берді.

Оның айтуынша, пітір садақаның мөлшері бидай не ұн мен мейізден жарты сағ (2 келі), ал арпа мен құрмадан бір сағ (4 келі) есебімен белгіленеді.

Бидай (2 кг) – 340 теңге;

Ұн (2 кг) – 535 теңге;

Арпа (4 кг) – 520 теңге;

Мейіз (2 кг) – 4270 теңге;

Құрма (4 кг) – 8090 теңге.

"Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі", – деді Сансызбай Шоқанов.

Оның түсіндіруінше, 2023 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 535 теңге етіп белгіленді.