Биыл мектепке баратын балалардың 70 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған, деп хабарлайды AtyrauPress Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Өтініш білдіргендердің басым бөлігі мемлекеттік тілде оқытуды қалаған. Ал қалғандары орыс, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқуға беріліп отыр.
Министрліктің мәліметінше, биыл бірінші сыныпқа қабылдау бойынша 400 мыңнан астам өтініш түсті.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау неліктен 1 тамызға дейін жүретінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құжаттар қабылдауды біз ертерек, көктемнен бастаймыз. Оқушылардың санын анықтап, оқулық дайындауды алдын ала жоспарлау керек. Құжат қабылдауды 1 қыркүйекке дейін ұзартуға да болар еді. Онда 1-сынып оқушыларына қанша кітап керектігі белгісіз болады. Оқулықтарды ертерек қажетті көлемде сатып алу қажет. Уақыттың тығыздығынан 1 тамызға дейін ғана құжат қабылдау жүреді», - деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере тұрып.
Айта кетсек, бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау 1 тамызда аяқталатыны туралы хабарланған еді.
Фото ашық дереккөздерден алынды