Астанадағы түнгі клуб қызметкері есірткі сатқаны үшін ұсталды

Күдіктінің жастар жиі уақыт өткізетін ойын-сауық мекемесінде жұмыс істегені анықталды. Ол тұрақты тұтынушылары бар клубта мефедрон сатуды ұйымдастырған.

"Астана прокуратурасының өкімінің аясында және оның келісуімен Астана есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 22 жастағы елорда тұрғыны ұсталды.

Жеке тінту барысында жігіттің шұлығынан аса ірі мөлшердегі мефедрон есірткі заты тәркіленді. Ол Астана полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.

Бұл дерекке қатысты соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол мүлкі тәркіленіп, 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.