Шымкенттегі жарылыстан қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіледі. Бұл туралы Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пәшімов айтты, - деп хабарлайды Otyrar.kz.
Оның сөзінше, оқиға салдарынан үш адам қаза тапты: 1979 жылы туған күзетші, 1980 жылы туған құрылысшы және шала туған нәресте.
"Қаза болған күзетші 3 ай бұрын ғана үйленген, жас отбасының несиесі бар. Түркістан облысының әкімдігі жерлеу қызметтерін көрсету бойынша барлық шығынды өз мойнына алады. Екінші марқұмның отбасына жұмыс берушінің ("АвтоРемСтрой" құрылыс компаниясы - авт.) есебінен материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Жарылыс кезінде бір нәресте қаза тапты. Бұл адамдар нақты неден қаза тапқаны сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады", - деп түсіндірді Пәшімов.
Еске салайық, 22 мамырда таңертең Шымкенттегі перзентхана маңында ауруханааралық дәріхана жарылған. Шымкент полициясы жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Жарылыстан үш адам қаза болғаны хабарланған еді.