5 күн бұрын жоғалып кеткен атыраулық табылды

Әйел адамның айтуынша, 1956 ж.т. ағасы 28 мамыр күні сағат 12:30 да үйден белгісіз бағытқа шығып, қайта оралмаған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жақындары жоғалған азаматты іздеп таппаған соң полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.

Аталған жайт Атырау қалалық Полиция басқармасына бірден тіркеліп, адам жоғалу жайты бойынша қажетті шаралар жүргізілді. Тәртіп сақшылары ер адамның баруы мүмкін ауыл-аймақты түгел қарап, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, Атырау қалалық Полиция басқармасының №9, №12 учаскелік пунктінің полиция қызметкерлері жоғалған ер адамды Сарыарқа көше бойынан тапты. Анықталғандай, ұмытшақтығы бар ер азамат адасып қалып, 5 күн бойы көшеде түнеген. Бүгінгі таңда ер азамат дін аман, отбасымен бірге. Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ағасының аман-есен табылғанына қуанған қарындасы ризашылығын білдірді.

- Ағам жоғалып кеткен күндері ұйықтай алмай, уайыммен жүрдім. Сондай қиын кезеңдерде №9,№12 учаскелік полиция қызметкерлері уақытқа қарамастан, іздестіру жұмыстарын жүргізіп дабыл көрмеді. Сіздердің біз үшін жасап жатқан қызметтеріңізге рақмет. Халыққа күндіз-түні қызмет етіп жүрген сіздерге алғысымыз шексіз. Жұмыстарыңыз алға баса берсін, – деді қуаныштан көз жасына ерік берген қарындасы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ