Мерекелік медаль табысталды

АTPress.kz. 12 желтоқсан. Бүгін Атырау облысының қырыққа жуық ардагеріне «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі табыс етілді.

Облыс әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен басқосуда Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев: «Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медаль Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мемлекетіміздің қалыптасуына, егемендігіміздің нығаюына елеулі үлес қосқан ардагерлерге беріліп отыр. Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің арқасында Қазақстан толағай табыстарға қол жеткізді. Ендігі уақытта өз тәжірибелеріңізбен кейінгі буынға жол көрсетіп жүре берулеріңізге тілектеспін», - деді. 

Мерекелік медальға ие болғандардың қатарында соғыс ардагерлері, еңбек, тыл ардагерлері және бүгінге дейін әр салада қызмет етіп келе жатырған сала ардагерлері бар. Бұдан бөлек жиын барысында отандық заңнама жүйесін жетілдіруге бағытталған қызметі үшін төрт азаматқа Сенаттың құрмет грамотасы табыс етілді. 

- Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында құрмет білдіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлап жатырғандарыңызға алғысымыз шексіз. «Елу жылда ел жаңа», - дейді қазақ. Қазақстан 25 жылдың ішінде өзін әлемге жаңа қырынан таныта білді. Барлық қазақстандықтарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын, - дейді тыл және еңбек ардагері Есен Тасқынбаев.

Еңбек ардагері Ұзаққали Елеубаев: «Бұл награданың мен үшін орыны ерекше. Себебі біз тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап еңбек еттік. Парламентте 10 жылдан аса депутат болып, заң шығару саласында жұмыс жасадым. Сол кезде шығарылған заңдардың қорытындысын қазір көріп отырмыз. Гимнді шығарған кезде де басы қасында болғанмын. Осының бәрін көріп отырып, Қазақстанның аз ғана уақыт ішінде жүз жылда жетер жетістікке жетіп жатырғандығын мақтаныш етемін. Бабалардың аңсаған арманын балалары көруде. Бәрі де ұзағынан болғай», - дейді. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет Ерлан Алтыбаевтікі