С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Дина Нұрпейісова атындағы өнер мектебінің құрылғанына 60 жыл толуына арналған «Өнер мектебі – рухани шабыт мекені» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, шара шымылдығы ән салу мамандығының 2 сынып оқушысы Ағниет Ғаділбектің «Мен қазақтың қызымын» әнімен ашылды. Мерекелік шараны аудандық өнерпаздар Болат Бидоллаев және Гүлзада Кенжешова жүргізді. Құрманғазы күй елі – өнердің мөлдір бұлағы болса, Дина Нұрпейісова өнер мектебі – ұлттық қолөнерін, ән-күйі мен жыр-термесін қайнар бұлағына сақтап қана қоймай, дамытып келе жатқна мекеме. Талай жастың талабын ұштап жүрген өнерлі орданың бүгінде бағындырған белесі көп. Шарада Тілекші Базарбай концертмейстер Гаухар Ниеталиеваның сүйемелдеуімен шертер аспабында ойнаса, «Наз» бишілер тобы «Қазақ биін» мың бұрала биледі. Баян аспабында Нұрлан Нұриман, Хайролла Ердәулет орыс халық әндерін «Попурри» орындады.
Өнер ұжымында қазіргі таңда 8 арнайы сынып бойынша 28 мұғалім жұмыс жасайды. Олар домбыра, вокал, шертер, бейнелеу өнері, кіимді көркемдеп үлгілеу мамандықтары бойынша Құрманғазы ауылы мен оған жақын орналасқан ауылдық округтерден келетін 354 оқушыны өнерге баулуда.
Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева құттықтау сөз сөйлеп, өнер мектебінің үздік педагогтеріне аудан әкімінің және өзінің алғыс хатын табыстады.
Одан әрі көрермендер «Ақмаржан» жетігеншілер ансамблінің «Қыз сыны» әнін, Жанерке Хамидулланың фортепианода орындауын, «Балдәурен» ұлт-аспаптар ансамбілінің «Ақжелең» күйін тыңдап, қошемет көрсетті. Шара барысында «Самғатқан сан қыранды...» атты мектеп түлектерінің бейнежазбасы лед-экран арқылы көрсетілді. Аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Тоты Бахтыгереева жүрекжарды лебізін білдірген соң озат мұғалімдерге бөлім басшысының алғыс хатын ұсынса, аудандық білім бөлімі жанындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Әуез Ізжанов Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Атырау облыстық ұйымы қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатымен мекемеде жемісті еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерлерді марапаттады.
Хореография бөлімінің 3 сынып оқушылары өз өнерлерін ортаға салса, Әсел Есқабыл «Түркі әлемі» күйін орындады. Хатимулла Дарын Динаның «8 март», домбырашылар ансамблі Құрманғазының «Саранжап» күйлерін күмбірлетсе, Самира Боханова фортепианода ойнады. Шараны балалар өнер мектебінің директоры Милана Қадырқызы қорытындылап, ардагерлерді сахна төріне шақырып, алғыс хатпен ұлығылады. Соңында Рахмет Ерғалиевтің сөзіне, Ибрагим Хабибуллиннің әніне жазылған «Егеменді елім» әнін хор орындады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ