Атыраулықтарды қызықтырған сарайдың сыры ашылды

Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Атырау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жартыжылдық жұмысын қорытындылаған басқарма басшысы Әбіл Жоламанов қызықты ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Айтуынша, ішіне көп сыр бүккен «Таскешу» тарихи керуен-сарайының қақпасы археологиялық қазба жұмыстары барысында толықтай ашылыпты. Әбіл Тауфихұлы баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған мәдени мұрамыз бен тарихымызды тануға бағытталған міндеттердің жауапкершілік жүгі зор екенін алға тартты.

– Биыл Сарайшық қалашығы, «Таскешу» керуен-сарайы, Қызылқоға ауданындағы Қарабау-2  мен Қарақұдық-1,2 қорғандарына археологиялық қазба жұмысын жүргізу жоспарланған, - дейді ол. – Аталған жұмыстар «Таскешуге» Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастыруымен 29 мамыр мен 17 шілде аралығында жүргізілді. Нәтижесінде, керуен-сарайдың қақпасы толықтай ашылды. Сонымен қатар, отызға жуық алтынордалық монеталар (4 күміс, қалғаны қола), Тоқтамыс пен Өзбек хандардың керамикалық ыдыс, моншақ пен шығыр бөліктері, әртүрлі іздер қалған алтынордалық стандартты кірпіш тастар анықталды. Қалған жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ