Атыраулық отбасы республикалық байқау лауреаты атанды!
Астанада Отбасы күні қарсаңында өткен «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Оның ішінде атыраулық Сыралиевтер отбасы да бар. Жүлдемен оралған үздік отбасыны облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова күтіп алды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Отбасы мәртебесін көтеруді көздейтін байқау биыл 11-рет ұйымдастырылып, оған Қазақстанның барлық аймағынан өңірлік кезеңдерде жеңіске жеткен отбасылар қатысты.
Байқауда топ жарған Сыралиевтер отбасы Атырауда үздік деп танылып, республикалық кезеңге ұсынылды. Бұл отбасы еңбекқорлығымен, өнерімен және қайырымдылық шараладағы белсенділігімен ерекшеленген еді.
- Өмірлік жарым Сағиямен отасқанымызға 33 жыл толды. 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, олардың бойына адамгершілік, кішіпейілділік, қарапайымдылық сияқты қасиеттерді ұлттық құндылықтармен бірге сіңіруге тырысып келеміз. Республикалық деңгейде марапатталып, қызыл кілеммен жүріп өтіп, республикалық телеарналарға сұхбат бердік. ҚР Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолынан марапат алдық. Балаларым жоғары білімді, өз саласында түрлі жетістікке қол жеткізіп жүр. Бірі —тілші, бірі — қаржыгер, бір балам жеке кәсіпкер болса, тағы бір балам шәкірттерін домбыраға баулып жүр. Елордадағы марапаттың өзі ұрпағымызға берілген оң тәрбиенің жемісі деп білеміз, - деді отағасы Төремұрат Сыралиев.
Атыраулық отбасылардың намысын абыроймен қорғаған Сыралиевтар отбасына «Мерейлі отбасы» статуэткасы мен марапаты және 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.