«Ай екенмін» жыр кітабының авторы Атырауда шығармашылық кешін өткізді

«Ай екенмін» және «Жүрек үні» жыр кітаптарының авторы, ақын Айнагүл Кемалиеваның «Әлібек» ақындар алаңында жыр кеші өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Елсана» рухания-патриоттық қауымдастығы ұйымдастырған шараны тамашалау үшін жырсүйер қауым «Ақжелкен» шығармашылық орталығына жиналды.

"Атырауда ақындар баршылық, бірақ көп бастары кезіге бермейтіні де рас. "Елсана" патриоттық клубы жоспарында осындай жағдайларға аса мән беріп ақындарымызды танымал қылу мақсатында "Ақ Желкен" шығармашылық орталығында әр ай сайын кемінде бір немесе екі шара өтіп тұрады" дейді ұйымдастырушылар.

Осылайша, бүгін жырға шөлдеген "мұнайлы астана" тұрғындары жылы жыр шумақтарымен сусындауға мүмкіндік алды.

"1972 жылы Жарсуат ауылында дүниеге келген бұл уақыттағы ұлағатты ұстаз Айнагул жастайынан өлең жазумен айналысқан. Ақын өлеңдері жергілікті және республикалық баспа беттерінде жарияланып тұрады. 2018 жылы «Ай екенмін» атты өлең жинағы шықса, 2023 жылы «Жүрек үні» атты жыр жинағы шыққан. Ақынның өлеңдерін жұртшылық ыстық қабылдап, таласа оқиды. Бұл жолғы жыр кешіне қызылордалық Демеубай жыршы да қатысты" дейді "Әлібек" ақындар алаңының төрағасы Сәкен Адай.

– Ғаламтордағы тіл сауатсыздығы туралы сөз қозғар болсақ, алдымен, тіл шұбарлығы еске түседі. Тәуелсіздік алып, ана тіліміздің мәртебесі өз қолымызға тигенімен, тілімізге орнығып қалған кейбір аралас сөздерден әлі арыла алмай келеміз. Екінші қателік – қазақ қарпін пайдалана білмеу. Қазақ әліпбиіндегі тоғыз әріп әлі күнге өз орнында жұмсалмайды. «Қ»-ның орнына «к», «ә»-нің орнына «а», «ө»-нің орнына «о», «ң»-ның орнына «н» әріптерін жазу жастардың үйреншікті дағдысына айналып кеткен. Нәтижесінде, сөздердің ақсауына жол береміз. Сондай-ақ кейбір сөздерді жөнсіз қысқартып жазу (ол да өзге тілде). Мысалы спс (рақмет), ок (жарайды, сізбен келісемін), т.с.с. сөздер жазба мәдениетімізге нұқсан келтіруде. Тағы бір үлкен мәселе – тыныс белгілерін орынсыз қолдану немесе мүлдем қолданбау – сөйлемдердің синтаксистік құрылымындағы қателіктерге жол беріп жатады. Менің ойымша, жастардың әлеуметтік желіні пайдаланудағы ескермейтін нәрсесі – ауызекі тіл мен жазба тілдің айырмашылығын ажырата алмауында. Ауызекі сөйлеу тіліндегі фонетикалық-грамматикалық қолданыстар, жазба тілде сол күйде қолданыста жүреді. Бұл жазба тіл мәдениетінің сақталмауына себепші болады, - деген пікірімен бөлісті кеш иесінің өзі.

 Осы орайда, біз ақынның төл туындыларынан үзінді ұсынғанды жөн көріп отырмыз...

"Қалам алсам қолыма жүрек үнін тыңдаймын.

Тізіледі параққа мың қуаныш, жүз қайғым.

Кейде тасып төгіліп кемерімнен шаттансам,

Кейде бітеу жарадай іштен ғана сыздаймын.

Ақын деген осы екен көңіл-күймен жүретін.

Бірде жылап жабырқап, бірде күндей күлетін.

Өлең деген өрімін тарау-тарау өреді

Өмір деген өрнектің білсе де бар ретін.

Тұрғынымын күндікше өлең дейтін мекеннің.

Жанашыры, бауыры жақыны мен бөтеннің.

Өлеңсіз бір күнім жоқ, сөкпеңіздер, ағайын,

"Өлеңсіз көп əйелдің бірі ғана екенмін.."

***

Иығына түн ілгенде көйлегін

Түсініксіз тілмен мен де сөйледім.

Дәруіштен дос іздеген жан едім

Жанашырым жалғыз ғана ой менің.

Айға ғана айтатұғын сырымды

Сүттей аппақ түндер қайда бұрынғы?

Жауыр бұлтты жауырынымен тасалап

Жырым менің қара түнге сұғынды..

Түн үн-түнсіз өлеңімді жасқады,

Көшіп жүрген бұлттардың да басқа әні.

Мен Ай едім,

Аймен табар жарасым

Ашылмады мына түннің аспаны.

Теріс демен таңның ертең атпасын.

Ойларымда шұғылалы бақ басым.

Мен Аймын ғой,

Таңға қарай талықсып

Жырмен жабам түннің тылсым қақпасын..

(Айнагул Кемалиева)