Атыраулық батальонның батылдығы көпті сүйсіндірді

Көпсалалы полиция қызметінде әр қызмет түрінің ойып тұрып алар орны бар. Дегенмен халықпен тығыз қарым-қатынаста қызмет ететін саласының бірі - патрульдік полиция қызметі екені сөзсіз, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Атырау қаласы аумағында қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көпшілік алдында қырағылығымен қатар жанкештілік ерліктерімен де көзге түсіп жүрген ұжымдардың бірі. Қызмет бабында қылмыспен де бетпе-бет келіп, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз етуде үздіксіз 24 сағат қызмет ететін, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауа райымен санаспай тер төгіп жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қайырымдылық іс-шараларынан да қалыс қалған емес. Қызмет бабында қылмыспен күрестің алғашқы қалқанына да айналатындықтарын сан мәрте дәлелдеп те келеді.

Мәселен, жыл басында көліктегі жасөспірімді алып қашып тасаға апарып зорламақ болған күдіктіні 3 минут ішінде анықтап ұстаған патрульдік полиция батальонының қызметкерлерінің әрекеті көрші шетелдіктерді де тәнті еткен еді. Күнделікті қызмет барысында келіп түскен хабарламалар бойынша дереу жететін бұл қызметке жыл басынан бері 14 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Оның басым көпшілігі отбасылық тұрмыстық жанжалдар мен мас күйдегі азаматтардың өзгелердің мазасын алуы, жыл басынан мұндай 5 мыңнан астам хабарлама түскен. Оларды оқшаулау кезінде батальон қызметкерлерінің де кәсіби қызметі ықпал етеді.

БАҚ беттері мен әлеуметтік желіде көпшіліктің талқысына түсетін тақырыптардың бірі өз-өзіне қол салмақ болған адамдардың құтқарылуы. Жыл басынан бері осы бөлініс қызметкерлері өз өміріне балта шаппақ болған 85 адамға көмекке келген. Жанкештілікпен өз өміріне қауіп төнсе де өзгенің өмірін сақтап қалуға ұмтылған инспектордардың да бейнежетонындағы жазбалар олардың өз елінің нағыз патриоттары екенін дәлелдейтіні сөзсіз. Өрт жағдайында да тұрғындарды эвакуциялап, тілсіз жау құрсағында қалғандарға алғашқы болып көмекке келген жазбалар да таралған. Мұндай батыл қадамдарға барған батальон қызметкерлерінің кәсіби білгірлігі мен халыққа қызмет етудегі аянбай еткен еңбектері олардың бойындағы адамгершілік пен патриоттық рухтың жоғарылығы екені сөзсіз.

- Аудиохабарлағышпен түскен әрбір құқық бұзушылыққа қызмет көрсетуде сапа мен оң нәтиже басты назарда. Батальон қызметкерлері көп жағдайда төтеншеліктер келіп жеткенін күтпей өзі шешім қабылдап суға батып бара жатқан адамды құтқарып қалатын сәттер жиі кездеседі. Мысалы, суицид деректері қазір үлкен резонансты мәселе. Түрлі жағдаймен жыл басынан бері ондай 85 хабарламаға барды батальон қызметкерлері, 85 адам да жедел әрекет ету нәтижесінде құтқарылды, ол әрекетке баруына жол берілмеді. Басты назарда жол қауіпсіздігі, бұл бағытта батальон қызметкерлері жаңбыр мен қармен санаспай 12 сағаттап жол реттейтін кездері болады. Заңдылық пен тәртіпті сақтауда ешқандай кедергіге жол бермеу - басты міндетіміз, - дейді Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі полиция майоры Дәурен Насиполла.