Биыл Құрманғазы ауданы мал азығын дайындаудан басымдыққа ие болып отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ресми өкілі Ақтілек Нұроллаева мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Оның айтуынша, биыл өңірде 552 мың тонна мал азығын дайындау жоспарлануда.
– Атырау облысы бойынша 2024-2025 жылдарға арналған мал қыстатуға қажетті ірі сабақты мал азығының көлемі 605 мың тонна және қажетті құрама жем 44 мың тоннаны құрайды, - дейді ол. – Бұл бағытта табиғи және екпе шөптер, жоңышқа мен судан шөптері өсіріледі. Облыста «Карат»ЖШС кебек жемдерін шығарады, сондай-ақ, қажетті қосымша ірі сабақты мал азығы мен құрама жемдерді Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарынан тасымалданады.
Былтырдан қалған ірі сабақты мал азығының көлемі 52 мың тонна, ал биыл 552 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып отыр. Қазір өңірде дайындалған мал азығының көлемі 132 мың тонна, бұл науқан қазан айына дейін жүргізіледі. Осы орайда айтып өтер жайт, Құрманғазы, Индер, Қызылқоға және Жылыой аудандары мал азығын дайындаудан басымдыққа ие болуда.
Әділет АМАНГЕЛДІ