Құлсары қаласында атмосфералық ауадан сынама алынды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысы бойынша экология департаментіне Жылыой ауданы маслихаты депутаты Қанат Мыңбаевтан хат келіп түсті. Онда Құлсары қаласындағы "СМП-615", "Теміржолшылар" және 9-шы ауыл тұрғындарының осындағы "Базис Ойл", "Олжа", "Промэкология" сияқты мекемелерінің шығарындылары әсерінен тыныстары тарылғаны айтылған. Әсіресе, таңғы мезгілде ауаға зиянды заттар көптеп бөлінеді екен. Сондықтан халық қалаулысы ауаға тарайтын улы заттардың көрсеткішін анықтау мақсатында атмосфералық ауаға мониторинг жүргізуді сұраған.
"Хат негізінде аталған департаменттің Зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі мен Жылыой аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары аталған кәсіпорындардың жоғары санитариялық қорғаныш аумақтарынан тыс жерден ауа сынамаларын алды. Сынама күкіртсутегі, азот диоксиді, көмірсутек, азот оксиді ингрединттерінен алынды. Алайда, қорытынды көрсеткендей, рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу фактілері анықталмады" дейді экология департаментінің өкілі Эльнара Оралова.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ