Алдағы бір-екі күнде аудандарда топан суға қатысты қауіп сейіледі

Бұл туралы облыс журналистеріне Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев  мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өздеріңізге мәлім, Қызылқоға мен Жылыой аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Бүгінде Миялы ауылы топан суға төтеп беріп, елді мекендерге төнген қауіп сейілді. Жасұлан Орақұлының айтуынша, әлі де аудан аумағына судан келер қауіп бар.

«Қоныстану, Қарабау және басқа да ауылдарға судан келер қауіп бар. Қарабау жақта облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай тиісті жұмыстарды ұйымдастырып жатыр. Онда су деңгейі түсіп келеді. Бір-екі күнде тәуекелдердің барлығы жойылады. Қоныстану ауылында эвакуация жұмыстары жүргізілді. Онда жағдай тұрақты. Ал Жылыой ауданында жағдай күрделілеу. Оның себебін  Жем өзенінің тасуымен байланыстырып отырмыз. Бірқатар еріктер, соның ішінде Құрсай ерігі қазір толықтай су қабылдау мүмкіндіктерін игеріп отыр. Ақкиізтоғай ауылында жағдай күрделі болған. Ауылдан суды ығыстырдық. Кеше Құлсарыға кіре берістегі Қарағай деген елдімекенде 40 үй  толық эвакуацияланды», - деді Ж.Бисембиев.

Аққизтоғай ауылдық округінде су тасқынының алдын алу үшін 7 шақырым бөгет салынды және 2000 дана қапшық қойылды. Қазіргі уақытта елді мекенді су басу қаупі жоқ.

Қазіргі уақытта Қарағай елді мекенінде жағалауды нығайту жұмыстарына 600 дана қапшық дайындалып, 1200 тонна инертті материал төселді.

Бүгінгі таңда аудан бойынша жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. 37700 дана қапшық және 114000 тонна инертті материал бар.