Атырауда ерекше "жедел жәрдем" көліктері пайда болды

Атырау облысының медициналық мекемелері 40 санитарлық машинамен толықты. Аудандық ауруханаларға 15 көлік және 25-і қалалық емханаға берілді, деп хабарлайды АtyrauРress тілшісі.

Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 861,9 млн теңге көлемінде 40 санитарлық автокөлік сатып алды. Бүгін 25 санитарлық машинаның кілті қалалық емханаларға және 15 бірлік аудандық ауруханаларға табысталды. Дәлірек айтсақ, 1 емханаға үш, 2 емханаға екі, 3 және 4 емханаға бес, 5, 7 емханаға және Геолог кентіне үш-үштен және психикалық денсаулық орталығына бір санитариялық машина беріледі.

Махамбет аудандық ауруханасы төрт санитарлық жедел жәрдем көлігімен толықтырылады. Дамба дәрігерлік амбулаториясы және Мақат аудандық ауруханасы бір, Құрманғазы аудандық ауруханасы жеті, Индер аудандық ауруханасы екі көлікке ие болады.

Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі инфрақұрылымды жақсарту үшін 2023-2027 жылдарға арналған бірқатар медициналық нысандарды салу жұмыстары жоспарланған. "Ауыл медицинасын жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 18 ауылдық елдімекенде медициналық ұйымдардың жаңа ғимараттарын салу жоспарлануда, оның ішінде 11 медициналық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт. Оның ішінде екі елдімекенде жаңа ғимараттар салынады, ал 16 медициналық мекеме апатты және ескі ғимараттардың орнына салынады.

Айта кетейік, 2023 жылы үш нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Дәлірек айтқанда, бұлар - Махамбет ауданы Талдыкөл ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт және Құрманғазы ауданы Шағырлы және №6 ауылдағы медициналық пункттер.

"Қазіруылдық медицинасын жаңғырту" ұлттық жобасы аясында типтік жобадағы 15 медициналық объектінің құрылысы жүріп жатыр. Оның 11Құрманғазы, екеуі Қызылқоға, біреуі Индер және тағы бірі Исатай ауданында. Жоспар бойынша құрылыс биыл аяқталады. Сонымен қатар, биыл жеті медициналық нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қазір облыс бойынша төрт нысанның құрылысы жүргізілуде" деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: Аружан АЖИМКУЛОВА