Атырауда жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтауға арналған семинар өтті

Жастарға жыныстық сауаттылық жайында дәріс қажет дейтіндер де, керісінше, оны ұятқа балайтындар да бар. Дегенмен, жыныстық даму кезеңінде әр жасөспірім келешек өмірінің тыныш әрі қауіпсіз болуын есінен шығармауы тиіс. Атырау облысында жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтауға арналған  семинар басталды. Назарбаев зияткерлік мектебінде өтіп жатқан семинар барысында қаладағы жалпы білім беретін мектептердің 20-дан астам педагогі нормативтік-құқықтық базаны құру, дағдарыс жағдайында оқушыға көмек көрсететін мектепішілік топты жасақтау, оқушы мен ата-ана арасындағы байланысты жақсарту сынды дағдыларды игереді.
- Жастардың сексуалдық сипаттағы тақырыптарда білімін дұрыс қалыптастыру үшін мектеп психологтары мен педагогтарының кейде дайындығы жетпей жатады. Олар тақырыпты күрделі әрі ұлттық санамызға байланысты қисынсыз деп санайды. Сондықтан оқушы мен ата-ана, жалпы жастармен ашық әңгіме өрбіту үшін мектептердегі мамандардың кәсіби деңгейі жоғары болуы керек, - деді аталған курсты жасақтаған авторлардың бірі, тренер Любовь Дорожкина. Оның айтуынша, курста сала қызметкерлері ұл балалар мен қыз балалардың жыныстық жетілуінің ерекшеліктері, венерологиялық аурулар, контрацепция әдістері, ерте жүктіліктің алдын-алу сынды проблемалардың шешу жолдары қарастырылады. Курс БҰҰ-ң Қазақстандағы өкілдігінің және «НЗМ» ДББҰ қолдауымен жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп өңірде орта білім беру жүйесін дамытуға қолдау көрсету бойынша тәжірибе таратуды жалғастыруда. 2021-2023 жылдарға дейін аймақта білім беруді дамытуға арналған жол картасы шеңберінде жасөспірімдердің әл-ауқаты, балалардың репродуктивті денсаулығын сақтау мәселелеріне көңіл бөлінеді.