Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мәншүк Мұқашева «КАСПИЙ-2023: Тұрақты даму жолдары» атты ІІІ Халықаралық Каспий ғылыми-білім конгресіне қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жиын мақсаты – бірлескен коммуникациялық кеңістік құру мәселесін талқылау. Мұндай диалог алаңы болашақ медиа-мамандар мен журналистерді, сондай-ақ, ТМД мен Каспий өңірі мемлекеттерінде медиа-қызметкерлерді даярлап жатқан университет оқытушылары арасында тәжірибе алмасуға арналып отыр.
Өз кезегінде Мәншүк Тынышқалиқызы «Каспий өңірі елдерінің медиакеңістігіндегі журналистика. Медиа-білім берудегі мәселелер» тақырыбында баяндама жасады. Онда ол бірқатар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, орайлы сәтті пайдалана отырып, В.Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университеті «Журналистика тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Галина Беллолипскаяға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басшылығы атынан Алғыс хат табыстады. Бұл – ресейлік ғалымның университеттер арасындағы әріптестікке қосқан үлкен үлесінің нәтижесі.
Сонымен бірге, Мәншүк Мұқашева астрахандық білім ордасының басшысы, ректор Константин Маркеловтың қабылдауында болып, арадағы әріптестікті нығайту және университетаралық кадр даярлау мәселесін талқылады. Сол сияқты, атыраулық ұстаз астрахандық университеттің «Журналистика тарихы мен теориясы» кафедрасы ұжымымен және студенттермен де кездесті.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ