"Жаңа оқу жылында атыраулық 107 түлек облыс әкімінің гранты бойынша тегін білім алады" деп хабарлайды ATPress.kz
Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз-қызметінің хабарлауынша, грант иелерінің есімдері Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен Білім беру грантын беру жөнінде конкурстық комиссияның отырысында белгілі болды.
Жиын барысында облыс әкімі грантына өтініш берген үміткерлер тізімі қаралды.
Атырау облыстық Білім беру басқармасы басшысы міндетін атқарушы Айнагүл Байғанинқызының айтуынша, өңірдегі кадр тапшылығын шешу мақсатында облыстық бюджет есебінен денсаулық, білім және басқа да маңызды салалар бойынша білім беру гранттары бөлініп отыр.
Биыл конкурсқа қатысуға 231 талапкер өтініш берген. Әкім грантын иеленген түлектердің дені – болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер.
Атап айтқанда, облыс әкімінің грантын жеңіп алған 107 түлек арасында
32 түлек М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне,
19 түлек С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түссе,
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына білім алуға 5 жас оқу грантын ұтып алды.
9 түлек «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне,
40 түлек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне,
1 түлек Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне,
1 түлек Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсті.
Атырау облысының әкімдігінің 2022-2023 оқу жылдарына арналған жергілікті бюджет есебінен конкурстық негізде білім беру гранттарына құжат қабылдау 10-17 тамыз аралығында өткен еді.
Грант иелерінің есімдерімен instagram.com мына сілтеме арқылы танысуға болады.