Атырауда мектепке дейінгі мекеме педагогтарының республикалық форумы өтті

Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Бүгін «Мектепке дейінгі білім беру үздіксіз педагогикалық білім берудің бірінші деңгейі ретінде: инновациялық идеялар, модельдер мен перспективалар» тақырыбында республикалық форум өтті.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Манара Адамова мен облыстық Білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Садуақасова және әр облыстың  әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері мен меңгерушілерінен құралған 200-ден астам ұстаз қатысты.


- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту және моделін іске асыру барысында көптеген жұмыстар атқарылуда. Модель мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту мен жетілдіру бағытын айқындайтын тәсілдер мен қағидаттар жиынтығын құрайды. Ол үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі құзіреттілік орталықтарының өсу нүктелерінің жұмысын ұйымдастыру. Екіншісі пилоттық жоба шеңберінде екі тәрбиеші  жұмысын ұйымдастыру. Үшіншісі мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың сапасын бағалау. Осы бағыттар бойынша алғашқы пилоттық жобалар бастау алып жатыр. Нәтижесін бірге көріп, бір пайдалы модель қалыптастырамыз деп ойлаймын, - деді М.Адамова.


Форумның мақсаты – мектепке дейінгі білім беруді дамытудың негізгі бағыттарын талқылау, мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің білімін өзектендіру, олардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, озық педагогикалық тәжірибені анықтау және тарату.


Форум барысында «Мектепке дейінгі мекемеде дамытушы орта кеңістіктерін ұйымдастырудың жаңа бағыттары», «Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе», «Steam білім беруді мектепке дейінгі мекеме тәжірибесінде енгізу жолдары мен нәтижесі», «Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық зерттеу дағдыларын ойын арқылы дамыту» сынды әртүрлі тақырыпта бөбекжай меңгерушілері баяндама жасады.


Түстен кейін форумның ІІ-бөлімі пленарлық мәжілісі және панельдік секция жұмыстарымен жалғасын тапты. Форумның пленарлық мәжілісіне қатысушылар мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, сондай-ақ Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін іске асыру аясында мектепке дейінгі ұйымдарының қызметі туралы пікір алмасты. Педагогтер үш секцияға бөлініп, әр секцияда 9 тақырып бойынша, барлығы 27 баяндама жасалды.


Панельдік секция барысында теориялық және практикалық тренингтер, пікірталастар, шағын топтармен жұмыс, т.б жүргізілді.
Айта кетейік, биыл қыркүйек айындағы жағдай бойынша облыста                    252 балабақша, 151 мемлекеттік балабақша, 101 шағын орталық, 67 жеке меншік балабақша, барлығы 319 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 16 бірлікке өсіп отыр.