Жайық жағалауында велосипедшілердің жаяу жүргіншілерді қағу жағдайлары жиілеген

Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атырау қаласының аумағында орналасқан Жайық жағалауында велосипедшілердің жаяу жүргіншілерді қағып кететін жағдайлары жиілеген.
Қала тұрғындары тарапынан көптеген шағымдардың түсуіне байланысты, велосипедшілермен алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында, Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция құрамынан жаяу патрульдеу бекеттері ұйымдастырылып, тыйым салынған уақытта велосипедпен жүрген қала тұрғындары мен қонақтарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, 4-10  шілде күндері аралығында яғни, бір апта ішінде Жайық жағалауында сағат 19:00-23:00 аралығында велосипедпен  қозғалысқа тыйым салынған уақытта жүрген 10-ға жуық тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабына сәйкес (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Өз кезегінде, Атырау қаласы Полиция басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына Жайық жағалауында сағат 19:00-23:00 аралығында велосипедпен қозғалысқа тыйым салынғандығын ескертеді.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.