Терроризммен 10 жылға сотталған атыраулық әйел құпиясымен бөлісті

Жамбыл облысында дүниеге келген Жансая Ашықбаева Атырауда әйелдер колониясында жазасын өтеуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

35 жасқа келіп қалған әйел төрт жылдан соң бостандыққа шығады. Ол өзінің салафизм ағымына еріп, кейін қатты өкінгенін айтады. Сирияға бара жатқан жерінен ұсталып, Петропавл қаласындағы колонияға жөнелтілген. Артынан Атыраудағы "УГ-157/11" мекемесіне ауыстырылған екен. Бұл туралы Жансая  айтады.

– Өздерін маған жанашыр ретінде көрсетіп, көшеден кезіккен "достар" Исламды үйретті. Түрлі кітаптар беріп, оны оқығаннан кейін жиналып, өзара талқылайтынбыз. Өзімізді шын мұсылман санап, басқаларды адасқанға телідік. Қазақстаннан бездік. Ата-анамды мойындамай, ауыр сөздер айттым. Бір күні ДАИШ мұсылман мемлекетін құрғанын естіп, сол жаққа кетуге бекіндім. Қордай арқылы кетпек болғанымда, қолға түстім. Мен қиналған уақытта жанымда әке-шешем мен бауырларым болды. Мен қандай болсам да ата-анам менен бас тартпады. Менің азабымды әлі тартып жүр. Мен ана болудан қорқамын. Ең үлкен қорқынышым сол - балам мен сияқты сынаққа тап болған уақытта мен одан қайсарлықпен өте алмайтын сияқтымын. Ата-ананың қадірін кеш ұғынып отырғаныма өкінемін. Қазақстанда экстремизмді насихаттайтындардың жолы тоқтатылса екен. Әйтпесе осындай ағымдардың кесірінен талай тағдыр құртылып жатыр, - деп massaget.kz-ке берген сұхбатында айтқан кейіпкеріміз оны жат ағымнан құтқарған Атырау облысы дін істері басқармасы, "Шапағат" қоғамдық қорының теологтарына алғысын білдірді.

Айта кеткен жөн, қазір терроризм бабымен сотталған алты әйел Атырауда жазаларын өтеуде. Бесеуі елге "Жусан" операциясы арқылы оралған.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: иллюстратив