Қазір Атырау аймақтық «Ана үйі» ресурстық орталығын 6 әйел паналап отыр. Оның біреуі - Қарақалпақстан азаматшасы.
«Ана үйін» барар жері, басар тауы жоқ қыз-келіншектер паналайды. Онда психологиялық және материалдық қолдау көрсетіліп, әйелдің аяғынан нық тұруына көмектеседі. Олардың түпкі мақсаты – қандай жағдай болмасын, анасының туған баласынан бас тартпауына ықпал ету әрі жағдай жасау.
Анасы мен бауырларына еркелеп жүрген құлсарылық Әнелдің өмірі күрт өзгерді. Атыраудағы колледждердің бірінде оқып жүрген жас қыз сабақтан тыс қосымша табыс табу үшін жұмыс істейді. Сол кезде ол өзінен 14 жас үлкен ер кісімен танысады. Оның айтқан «күйем, сүйем, тек саған үйленем» деген сөздеріне сеніп, одан бала көтереді. Әнелдің аяғының ауырлағанын жігіті жақсы қабылдайды. Сескендірмейін дегені шығар. Өйткені ол кезде қыздың жасы 16-да еді. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімді екіқабат ету заңмен қудаланатынын әккі жігіт жақсы білген. Сондықтан уақыт созып, жүретін қызының босанар уақыты жақындаған кезде Ақтөбедегі ата-анасының үйіне әкетеді. Айы-күні жақындап, перзентханада қызын бауырына аман-есен алады. Дәрігерлердің кеңесімен «қызымның некеге тұруына қарсы емеспін» деген бір жапырақ қағазды анасы Құлсарыдан Ақтөбеге жіберіп, 31 жастағы еркекпен некеге тұрып, оның заңды жары атанды. Алайда, Әнелдің қуанышы көпке созылмады. Қызы 4 айға толғанда күйеуі екеуін де қақаған қыста үйінен қуып шықты.
«Ол бұрын үйленген. Әйелімен 10 жыл отасқан. Бірақ бала сүймегендіктен, екеуі заңды түрде ажырасқан. Менімен танысқан кезде оған қайтып оралмайтынын және мені тастамайтынын айтқан еді. Бірақ екеуіміз тұрып жүрген кезде оған қайта-қайта баруды әдетке айналдырды. Кетіп бара жатқанымда «Қайда барасың?» деп ата-енем де тоқтатпады. Кеткенімді қалады... Былтырғы жыл маған оңай тиген жоқ. Анам өмірден өтті. Әкемнен 3 жасымда айырылдым. Қазір әпкем, сіңлім мен інім бар. Әпкем тұрмыста. Інім балалар үйінде. Өзім қызымды құшақтап, осында көмек сұрап келдім. Қазір сабағымды жалғастырып жатырмын. Мұнда маған барлық көмек көрсетіліп жатыр. Өзіммен қатарлас құрбыларыма қарап өткен күнге қатты өкінем. Кезінде ол жігіттің айтқан сөздеріне сенгеніме өкінем. Одан тек өзім қиналып жатырмын. Ауыртпалықтың бәрі өзімнің мойнымда» дейді Әнел.
Жастықтың буына масайрап, шоқ басқанын мойындайды. Енді жауапкершілік жүгін арқалап, қызына дұрыс тәрбие беруді мақсат етіп отыр. Оқуын бітіріп, аяққа нық тұруды көздейді. Әнел «Ана үйіне» былтыр желтоқсанда келді. Биыл қаңтар айында кәмелет жасына толып отыр. Қазір қызы 1,5 жасқа жақындады.
Атырау аймақтық «Ана үйінің» үйлеструшісі Гүлфариза Губашеваның айтуынша, 2015 жылдан бері тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қиын жағдайда қалған 283 анаға тиісті көмек көрсетілген. Ең бастысы, ақ сүтін беріп, бауырына басқан баласын далаға не Сәбилер үйіне тастауға жол берілмеді.
«Мұнда жатын орын, тамақ, киім-кешек тегін. Бәрі де меценат есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Еріктілер тарапынан да көмек көрсетіледі. Біз әйелдердің құжатын түгелдеу, жұмысқа тұрғызу, кәсіпке үйрету, мүгедектік алып беру, квота әперу, әкелік таныту секілді жұмыстарды атқарамыз. Жас аналарға қиын кезде қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың болашағының жарқын болуына көмектесеміз. Желтоқсан айында 19 жастағы қыздың құжаттарын түгелдеп бердік. Оның осы күнге дейін туу туралы куәлігі де болмаған. Ана құқығынан айырылғаны тағы бар. Екі баласы Сәбилер үйіне тапсырылған. Басқа кісі асырап алмас үшін перзенттерін өзіне қайтару керек. Ол үшін балалардың әкесін тауып, әкелік танытуымыз қажет. Ал бұл әйелге балаларды бергіміз жоқ. Өйткені осы уақытқа дейін көше кезіп, қаңғырып қалған. Бала баға алмайды. Ал балалардың әкесін тапсақ, екеуіне қайтаруға болар еді. Мақаттық әйелдің де 1 жастан асқан баласының әкесін тауып, сот арқылы әкесі екенін дәлелдедік. Қазір қыздар күйеусіз тудым деп айтуға ұялады. Азаматтық некеде болдық деп келеді көбі. Ана үйі алғаш ашылған кезде мұнда 18 орын болған. Қазір азайды. Оған – сақтану, жауапкершіліктің артуы себеп болып отыр. Бүгінгі күнге дейін біздің қамқорлығымызда болған 5 әйел баспанамен қамтылды. Оның екеуі балалар үйінің түлегі, біреуі көпбалалы ана, қалғаны ипотекаға рәсімдеді» дейді Гүлфариза Дендерқызы.
Ана үйі ресурстық орталығынан ұзатылып шығатындар да бар. Былтыр желтоқсанда аяғы ауыр жас әйелді өзі бұрыннан сөйлесіп жүрген жігітке қосыпты. Оның отбасылы еркектен жүкті болғанын естіген ағалары шешесімен бірге қуып жіберген.
Былтыр «Ана үйі» ресурстық орталығына 37 әйел пана іздеп келген. Оның 35-і бала босанған. Біреуі егіз қыз сүйген. Арасында кәмелет жасына толмаған екі қыз болыпты. Қазір орталықта 6 әйел бар. Онда 1,5 жасқа дейінгі балалары бар 13 жастан 30 жасқа дейінгі әйелдерді немесе 28 аптадан бастап жүкті әйелдерді қабылдайды. Қамқорлықтағы адамдар мұнда 6 айға дейін бола алады.
Айта кетейік, биыл елімізде «Ана үйінің» ашылғанына 10 жыл толады. Қазақстан бойынша осындай 24 үй бар.
Қазақстандық кәсіпкерлердің қорғансыз қалған аналар мен балаларды қанатының астына алып, қамқорлық көрсетуі – сауапты іс. Бірақ, паналайтын жер бар екен деп, қоғамға кесірін тигізген бұл әдетке алаңсыз қарауға тағы болмайды. «Қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден салынатын тыйымды» мықтап ұстанған жөн.
Суретті түсірген Э.МЫҚТЫБАЕВА.