«Иманғали» орталық мешітінен Құрбан айт мерекесінде мыңға жуық мұқтаж жан көмек сұрап отыр, деп хабарлайды ATPress.
Биыл құрбандық айт намазы таңғы сағат 06.30-да оқылып болған соң шалынады. Ал айт намазы оқылмай тұрып шалынған құрбандық қабыл болмайды. Осы ретте, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы құрбандық шалу айт намазынан соң басталып, 11 шілдеде, яғни айттың үшінші күні күн батқанға дейін үлгерілуі тиіс екенін айтты.
Қазір Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінде мұқтаж жандардың тізімі жасалып жатыр. Мыңға жуық адам көмек қажет ететіндердің қатарында тұр. Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, құрбандыққа шалынған малдың еті мүмкіндігінше мұқтаж жандарға үлестіріледі.
-Биыл мыңға жуық мұқтаж жандар көмектесуді сұрап отыр. Орталық мешіттің өзі тұрақты түрде 400-ге жуық адамға көмек беріп келеді. Біз олардың барлығына көмек бере аламыз деп айта алмаймын. Бірақ мүмкіндігінше, құрбандыққа шалынған малдың етін таратамыз. Жан-жақтан хаттар келіп жатыр. Оған қоса мешітке өздері келіп көмек сұрайтындар бар. Мешітте қайырымдылық орталығы ашылған. Ондағы жауапты мамандар көмекке нағыз мұқтаж жандарды зерделейді, - деді бас имам.
Сонымен қатар, Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні таңертең сәресіне тұрып, ауыз бекіту – сауапты іске жатады екен.
-Құрбан айттың бірінші күні сәресіне тұрып, айт намазына дейінгі уақыт аралығында қысқа уақыт болса да ауыз бекіткен сауапты іске жатады. Сондай-ақ, ренжісіп жүрген адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, ымыраға келгені жөн. Кішкентай балаларға сыйлық алып, қуантқан дұрыс. Туған-туыс, ағайын, дос-жаранның үйін аралап, хал-жағдайын сұрасып, мәре-сәре болып өткізетін мереке бұл. Бұл мейрам тек құрбандық шалып, құран оқып және құлшылық етумен шектелмейтінін білгеніміз дұрыс, - дейді Алтынбек Ұтысханұлы.
Бұдан бөлек мешіттерде жылдағыдай ойын-сауық, жарыстар өткізіледі. Мәселен, күрес, арқан тарту, кір тасын көтеру, асық ату және басқа да ойындар ұйымдастырылып, халыққа қуаныш сыйламақ.
P.S: Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін құрбан шалудың шарттары туралы жазған болатынбыз https://atpress.kz/kz/22390-qurban-shaludynh-sharttary-qanday-sukhbat