"Отбасының Цифрлық Картасы" арқылы 9 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлем өтінішсіз рәсімделеді

Бұл туралы Атырау облыстық Өңірлік Коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Әлеуметтік нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Жанар Қайседенова  мәлім етті.

- Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар әр азамат әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдердің 9 түрін аяқтай жүріп, ешқайда өтініш жазбай-ақ осы ақпараттық жүйе арқылы рәсімдейді. Олар: жүктілікке және босануға байланысты, бала күтіміне байланысты, жұмысынан айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылу бойынша төленетін төлемдер, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына немесе қамқоршысына берілетін жәрдемақы, мүгедектігі бойынша, көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, - деді Ж.Қайседенова.


Бөлім басшысының айтуынша, әлеуметтік төлем тағайындалған адамға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Ары қарай, өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі. Содан кейін ақша қаражаты төлем алушының банк шотына аударылады.


Осыған дейін хабарлағанымыздай, отбасының цифрлық картасы – бұл әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе. Бұл жүйе кезең-кезеңімен іске асып, 2025 жылы мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылады деп күтіліп отыр.