Назарбаев Зияткерлік мектептерінің төрайымы директорлармен кездесті

Бұл туралы NIS баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

17 тірек мектеп жобасы аясында “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының төрайымы Күләш Шәмшидинова, тәжірибені трансляциялау департаментінің директоры Гүлнар Балғабаева, Атыраудағы NIS директоры Ералы Бижанов, Педагогикалық шеберлік орталығының Атырау қаласындағы филиалының директоры Талаш Унгарова Құрманғазылық ұстаздармен жүздесті.


Аудандағы Сафон ауылындағы Қадыр Мырза Али атындағы білім беру ошағы Атырау облысы бойынша тірек мектеп ретінде таңдалған. Алдағы уақытта NIS-тің жұмыс тобы аталған мектеп ұстаздарына жаңа жүйемен оқыту әдістерін үйретпек.


- Жобаның басты мақсаты – қала мен ауылдық жердегі білім беру арасындағы алшақтықты жою, оқушылардың оқу жетістіктерін және тірек мектептердің білім сапасын арттыру, деді К.Шәмшидинова.


Жоспардан тыс педагогикалық кеңес отырысында Зияткерлік мектептер өкілдерімен әр мұғалім үшін ең басты тақырыптар – сабақты зерттеу және жоспарлау, педагогтерді тұрақты кәсіптік оқыту, ата-аналармен ынтымақтастық, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.


Жоба аясында материалдық база мен барлық инфрақұрылымды жаңарту, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, жүйелі мониторинг және педагогикалық ұжымды әдістемелік қамтамасыз ету, ең өзекті тақырыптар бойынша көптеген семинарлар, тренингтер, практикумдар мен тағылымдамалар өткізу жоспарлануда.