Қатты жел Құрманғазы ауданында 200 бағанды құлатып кетті. Бұл туралы брифинг барысында "Атырау-Жарық" АҚ вице-президенті Мейірбек Губашев мәлімдеді, деп хабарлайды Aтырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
"Құрманғазы ауданында нөсер жаңбыр мен қатты желдің салдарынан жоғары вольтты желілердің 200 бағаны құлады. Бұл ауданда алғаш рет орын алып отырған табиғи апатты жағдай. Қатты желдің салдарынан үйлердің шатыры ұшып, ағаштар құлап, көршілес Ресей елінің Астрахань облысында да елдімекендер жарықсыз қалды. Қазіргі уақытта қатты жел Маңғыстау облысына ауысты.
Құрманғазыға жөндеу жұмыстарына облыстан қосымша 60 электромонтер, 22 бірлік арнайы техника, "Атырау-Жарық" АҚ авариялық қорынан АС-120 мм және АС-50 мм сымының екі барабаны жіберілді. Құрманғазы ауданы мен Атырау арасындағы жолдың жағдайы мен қашықтығын ескере отырып, тіректер бір рейске 10 данадан жеткізілді", - деді спикер.
Қазіргі уақытта Бірлік, Көптоғай, Каспий, Қамысты және Күлес кенттерінде қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Жөндеу жұмыстары жақын арада аяқталады.