Қызылордадан тікұшақ көмекке келді: Атырауда қамыс өртінің аумағы 450 гектарға жетті

 8 шілде күні сағат 13:00-дегі жағдай бойынша қамыс өсімдіктерінің жану аумағы 450 га құрады. Оның 50 гектары әлі жанып жатыр жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облысы ТЖД-нің Қоғаммен байланыс тобы мәлім еткендей, қызыл жалынды сөндіруге Атырау облысы ТЖД және «Ақ Жайық» МТР күштері мен құралдарының көмегі қолданылды. 

«Бүгін өрт ошақтарын сөндіру үшін Қызылорда қаласынан СТҚ-5 су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы келіп жетті. Бүгінгі күні өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД 38 қызметкері, 6 бірлік техникасы, «Ақ Жайық» МТР 28 қызметкері және 9 бірлік техникасы, 4 бірлік мотопомпасы жұмылдырылды», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 7 шілдеде сағат 08:19-да  өрт ошақтарын анықтау мақсатында әуеден барлау жүргізу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағы жұмылдырылған еді.

Өкінішке қарай, тілсіз жауды ауыздықтау барысында аумақтың  сулы-батпақты болуы қиындық туғызып отыр.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА