«Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Атырауға келіп, селекторлық кеңес өткізді

Бүгін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысындағы МАЭК-тің энергетикалық блогындағы апаттың салдарынан АМӨЗ мәжбүрлі түрде тоқтады. Осы жағдайға қарамастан зауыт қолда бар қорлардан мұнай өнімдерін жөнелтуді жалғастыруда. Зауыттың резервуарларында бүгінгі таңда 26 мың тонна автобензин, 34 мың тонна дизель отыны, 1500 тонна сұйытылған мұнай газы, 6 мың тонна авиакеросин бар. Бұл – мұнай өнімдерін жеті күн бойы тұрақты жөнелтіп отыруға жеткілікті. Өнеркәсіптік аумақты аралау барысында АМӨЗ басшылығы электр энергиясын беру қалпына келтірілген соң технологиялық қондырғыларды тұрақты режимге біртіндеп қосу басталғанын баяндады. Аптаның соңына дейін АМӨЗ мұнай өнімдерін өндірудің жоспарлы көлеміне шығады деп жоспарланып отыр.

Жұмыс сапары аясында М.Мырзағалиев электр энергиясын берудегі ақаулар себебінен операциялық қызметті толық не ішінара тоқтатқан «ҚазМұнайГаз» еншілес ұйымдарының басшыларымен бейнеконференцбайланыс режимінде селекторлық кеңес өткізді.

Оған «KPI inc»,  «ҚазТрансОйл» АҚ, «Магистральдық су құбыры» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» және «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамдарының өкілдері қатысты. Олар нысандардағы қазіргі жағдай мен электр энергиясының өшуіне байланысты орын алған салдарларды жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

Мұнай өндіру активтері басшылығымен мәселені талқылау барысында электр энергиясын берудегі іркілістердің жиілігі атап өтілді. Оның мұнай өндіру қызметінің тиімділігіне және жоспарлы көрсеткіштердің орындалуына елеулі әсер ететіні айтылды.

«Бұл оқиға көпшіліктің наразылығын тудырды. Өйткені АМӨЗ қала аумағында орналасқандықтан қала халқы зауыт мұржасынан шыққан алауды көрді. Одан көмірсутектің бөлінгенін білді. Біздің кен орындарымызда тек соңғы алты айдың өзінде осындай 11 рет электр энергиясынан ажырату болды. Жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған ұңғымалардың жалпы саны – 13 мың, алдын ала есеп бойынша 5 млрд теңге көлеміндегі кірістен айрылдық», - деді  «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай.

Кеңес барысында соңғы 2,5 жылда ҚМГ мұнай-газ өндіру активтерінің барлығында электр қуатының үзілуінен жалпы 279 мың тонна мұнай өндірілмегені айтылды. Ал қайта іске қосу жұмыстарына жұмсалған шығынды ескере отырып, жоғалтқан шоғырландырылған қаржылық пайда 60 млрд теңгеден асады.

2023 жылы ҚМГ кен орындарында электр қуаты жалпы 153 рет үзілген, бұл 75 мың тонна мұнай көлемінің өндірілімеуіне әкелді.

"Біз электр энергиясын таратудағы ақаулардың жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Егер 2017 жылдан 2019 жылға дейін біздің компания дәл осындай себеппен өндірісте 3700 тонна мұнай жоғалтса, 2021 жылдан 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш 45 мың тоннаға дейін өсті. Кеше біздің шығын 2,5 мың тонна мұнайды құрады. Қазіргі кезде алдымызға қойылған өндірістік бағдарламаны орындай алмау қаупі туындап отыр", - деп атап өтті «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Нұрсейіт Союнов.

Өз кезегінде, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Мұрат Мұстафаев компанияның 2023 жылдың 6 айында электр энергиясын жеткізудегі іркілістерге байланысты шығындары (1 млрд 267 млн теңге) алдыңғы екі жылдағы шығын көлемінен асып түскенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл электр желілері инфрақұрылымының тозғанын көрсетеді. М. Мырзағалиев ҚМГ еншілес ұйымдарының басшыларына электр энергиясын беруді  біртіндеп арттырып, өндірістік процестердің штаттық режимге өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Зауыт жұмысшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жабдықтарға нормативтен тыс жүктемелерді болдырмау үшін барлық қажетті технологиялық регламенттердің сақталуын бақылауға алуды сұраймын», - деп түйіндеді М.Мырзағалиев.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА