"КазАвтоЖол": Атырау облысы автожолдарының қыс мерзіміне дайындығы қандай?

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Аслан Дүйсенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Кәсіпорын қызметкерлері жол жұмыстарына жұмылдырылатын техниканы әзірлеп, көктайғаққа қарсы материалдарды жинақтап және  жылыту орындарын дайындап жатыр. Атырау облысының аумағында бірнеше республикалық маңызы бар  тасжол бар. Олардың ұзындығы жүздеген километрге созылады. "КазАвтоЖол" компаниясының қызметкерлері мердігер мекемелермен бірлесіп қыс мерзіміне дайындықты бастады. Бірнеше пункттен тұратын республикалық маңызы бар жолдарды қысқы пайдалануға дайындау бойынша іс-шаралар жоспарын жасады.

"Алдағы қыс мезгілінде жол қозғалысын қауіпсіз және үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 20 бірлік арнайы техника дайындалды. Атап айтқанда,  құрама жол машиналары, автогрейдерлер, тракторлар, жүк тиегіш көліктері. Сондай-ақ, қоймаларда көктайғаққа қарсы себілетін материалдар - 2 м3 құм және 800 тонна тұз бар. Облыста барлығы 4 жылу стансасы бар», - деді спикер.

Айта кетейік, қысқы кезеңде кері байланысты күшейту мақсатында республикалық бағыттарды пайдаланушылар үшін тәулік бойы жұмыс істейтін «1403» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді.