Атыраудағы полипропилен шығаратын жаңа зауыт іске қосылған кезде шикізат мәселесі шешілмек.
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтында жазылған мәліметке сүйенер болсақ, өнеркәсіп саласы екі жылдан бері шикізат мәселесінен арылар емес. Бұл жайлы "Кас Хим" ЖШС директоры Этибар Маммадов айтып берді.
«Кас Хим» ЖШС полипропиленді қаптарды, Big-Bag типті икемді контейнерлерді және өнеркәсіптік сусымалы жүктерге арналған вагон төсеніштерін шығаратын ірі өндірушілердің бірі саналады. Қазақстанда өз шикізатының жоқтығынан компания оны Ресей мен Түркіменстаннан сатып алуға мәжбүр. Шикізат жеткізудің алғашқы кедергісі 2020 жылы пандемияға байланысты туындады, содан кейін қаңтар оқиғасы кезіндегі шекаралардың жабылуы, ал қазір Ресей мен Украина арасындағы жағдай себеп болып тұр.
«Біздің кәсіпорын жыл басында ірі компаниялармен жыл сайынғы келісім-шартқа отырады және мұнда өнімге тұрақты баға белгіленеді. Сондықтан баға саясатында қандай да бір катаклизмдер орын алған жыл ішінде біз бағаны қайта қарауды пайдалана алмаймыз. Пандемия, қаңтар оқиғасы, Ресей мен Украина арасындағы қазіргі жағдай – мұның бәрі шикізат жеткізу мен бағасына кері әсерін тигізді. Қазір, мәселен, шикізаттың өзіндік құны, оған қоса біздің шығындарымыз да 25-30 пайызға қымбаттап жатыр. Бүгінгі біз сататын бағада ол өзіндік құнынан төмен болып шығады. Қазіргі таңда шикізат тапшылығынан тоқыма цехымыз тоқтап тұр. Шикізат бар, бірақ қымбат, сондықтан қазір басқа сатып алу көздерін іздеп жатырмыз. Әзірге біз басқа зауыттардан жартылай фабрикаттарды сатып алып жатырмыз, олар бізге шикізатты құнынан төмен сатып алуға көмектеседі, осылайша тапсырысымызды өтей аламыз», - деп атап өтті Этибар Мамедов.
«Кас хим» ЖШС басшылығының айтуынша, Атырауда полипропилен өндіретін интеграцияланған газ-химия кешенін іске қосу арқылы бұл мәселе шешімін табуы мүмкін. Жергілікті зауыттан шикізат сатып алу осы өнімдерге бағдарланған отандық тауар өндірушілердің дамуына оң әсерін тигізіп қана қоймай, тұтастай алғанда облыс экономикасын көтеруге мүмкіндік береді.
«Біз жақын арада газ-химиялық кешеніміздің іске қосылуын асыға күтудеміз. Мәселен, біздің кәсіпорын үшін жергілікті шикізатты сатып алу жергілікті қамту деңгейін 100 пайызға дейін көтерсе, қазір бұл көрсеткіш 95-96 пайызды құрап отыр. Тасымалдау шығындары, кез келген сыртқы себептерге байланысты өнімді жеткізуде үзілістер болмайды, кәсіпорынның үнемделген сомасы оның дамуына бағыттай алады. Ал жергілікті бюджет үшін бұл үлкен оң нәтиже. Мәселе тек баға саясатында қалады. Егер зауыт бізге шикізатты қолайлы бағамен сататын болса, онда өндіріс тиімді жұмыс істейді, сәйкесінше бұл дайын өнімнің өзіндік құнын көтермей, жұмысшылардың жалақысының өсіруді қайта қарауға мүмкіндік береді, бұл қазақстандық тұтынушылар үшін артықшылық болады. Зауыт өнімдері, ең алдымен, қолжетімді бағамен жергілікті тауар өндірушілердің сұранысын өтеуі тиіс», – деп есептейді Этибар Мамедов.
Егер шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапса, "Кас Хим" өндірісті кеңейтпек. Дайын жоба қазірдің өзінде қолжетімді. Қосымша өндіріс орындары сатып алынды, жабдықтарды жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Жобаны жүзеге асыру өндіріс көлемін екі есеге арттырып, штатты тағы 100 адамға көбейтуге мүмкіндік береді.
Дегенмен, мұның барлығы шикізат қолжетімді бағада болған жағдайда ғана мүмкін болмақ.
Аударған: Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.
Дереккөз: sknews.kz
Фото: Atameken сайтынан алынды.