Махамбет ауданы Сарайшық ауылындағы «Сарайшық» тарихи-мәдени мұражай-қорығының аумағында орналасқан сапар орталығы былтыр көктемде ашылды. Оның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов арнайы келген еді.
А.Оралов өз сөзінде министрлік пен облыстық мәдениет басқармасы бірігіп, «Сарайшық» сапар орталығының бес жылдық даму жоспары бекітілгенін айтып өтті.
«Сарайшық» сапар орталығында экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференц-зал, сондай-ақ зертханалық және реставрациялық бөлмелер, электронды деректер базасы бар кітапхана кіреді. Орталықта дәріс өткізуге арналған алаңдар, ашық аспан астындағы музей және этноауыл орналасқан.
Сондай-ақ, облыстың Қызылқоға, Жылыой, Құрманғазы аудандарында төрт мәдениет үйі ашылды. Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылындағы200 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа мәдениет үйі ғимаратының құрылыс жұмыстары 2022 жылғы шілде айында басталған. Мердігер – «БатысСтройСервис-Атырау» ЖШС мекемесі. Жобаның жалпы құны – 700,588 млн теңге. Мәдениет үйінде кітапхана, асхана, үйірме бөлмелері қарастырылған. Ғимараттың жалпы көлемі 750 шаршы метр.
Құрманғазы ауданы Жаңаталап ауылдық округінде Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа мәдениет үйі ашылды. Заманауи талаптарға сай бой көтерген бұл ғимаратта 300 орындық көрермен залы, кітапхана, үйірме, хореография залдары, дайындық, гримдеу бөлмелері, асхана, әдістемелік кабинеттер, касса, тағы басқа ауыл тұрғындарының мәдени демалысына қажетті мүмкіндіктер қарастырылған. Ғимараттың сыртқы қас беті Хиуаз Доспанова және Құрманғазы Сағырбаевтың фотосуреттерінен трафаретпен безендірілген. Құрылыстың бас мердігері «Өмірзақ» ЖШС. Жұмыстар 2022 жылғы сәуір айында басталған. Онда 12 қызметкер жұмыс істейді.
Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылындағы 300 орындық мәдениет үйінің құрылысын «Ақ орда» корпарациясы жүргізді. Жоба құны – 827 млн 600 мың теңге. Екі қатарлы ғимаратта кітапхана, әкімшілік, гримдеу, дайындық бөлмелері, арнайы би залы мен асхана басқа да кабинеттер қарастырылған. Бұл - аудан бойынша бұл еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет халықтың игілігіне пайдалануға берілгелі отырған мәдениет үйі.
Жылыой ауданы Майкөмген ауылында да мәдениет үйі ашылып, халық игілігіне берілді. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 200 орындық мәдениет үйі салынды. Мәдениет үйінің жалпы ауданы - 709,72 шаршы метр. Екі қабатты ғимаратта 200 орындық концерттік зал, киім бөлмесі, костюмдер бөлмесі, 16 орындық асхана және касса, жуынатын бөлме бар. Сонымен қатар қызметтік кабинеттермен, үйірме және оқытушы бөлмелерімен, 12 орындық оқу залы бар кітапханамен, 4 орындық медиатекамен және кітап сақтау бөлмелерімен жарақталған. Мәдениет үйінің құрылыс жұмысы 2022 жылдың шілде айында басталды. Тапсырыс беруші - Жылыой ауданының құрылыс бөлімі.
Эльмира Мықтыбаева