Әл-Фараби атындағы BINOM мектеп-лицейінде Әбиба Әбужақынова мен Эсмигуль Куюлова мектеп оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара жүлдегер жерлестеріміздің жетістігін насихаттап, жастардың өнегелі үлгі алады деген мақсатпен ерекшеленіп отыр. Қос спортшы өмірдегі кез-келген жетістік - еңбектің арқасында келетінін айтты.
«Спорт немесе білім саласындағы жетістік, ерен еңбекті талап етеді. Оқуда үздік болыңыздар. Ата-ананың үмітін ақтай отырып, ауыр жауапкершілік арқалай біліңіздер. Жеңістің дәмін сүрінуден, құлаудан, қайта тұрудан кейін тата аласыздар. Ешқашан мойымаңыздар!», - деді Ә.Әбужақынова.
Кейін, оқушылар қос жүлдегерге сұрақ қойып, тұшымды жауаптарын естіді. Мұнан соң естелік фотосуретке түсіп, жеңімпаздардан қолтаңба алды.
Айта кетейік, Әбиба Әбужақынова қазақ қыздары арасында алғаш рет әлем чемпионатында топ жарған дзюдошы. ХІХ жазғы Азия ойындарының күміс медаль иегері. Ал, Эсмигуль Куюлова ХІХ жазғы Азия ойындарының дзюдодан қола жүлдегері.