Атыраулықтар «Бала сату», «Вахта», «Барсакелмес базарын» тамашалады (+ФОТО)

«Ара-Атырау» сатира театры жаңа жылдық мереке сыйлады

22 желтоқсанда Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы жаңа жылдық мерекеге арнап қала тұрғындары мен қонақтарына «Ара-Атырау» сатира театрының «Жаңа жылда, жаңа әзілмен» атты концерттік бағдарламасын тарту етті. Әсем ән мен астарлы әзіл біте қайнасқан көңілді кеште белгілі сатира саңлағы, өңір мақтанышы Нұрбек Мәдиев жетекшілік ететін театр ұжымы өз қойылымдарымен халықтың қошеметіне ие болса, солистеріміз шоқтығы биік шығармаларымен ерекшеленді.

 Дәлірек, бағдарлама барысында Гүлвира Тұрақбаева жетекшілік жасайтын «Інжу-Маржан» би ансамблі және әншілер Ержан Мырзахметов, Әсет Әлиев, Әсел Аманқұлова, Самал Теміралиева мен Тұрсынай Қабиева, Байтанат Әділбек, Мейіржан Қабдоловтар өнер көрсетті. Ал, «Ара-Атырау» ұжымы «Бала сату», «Барсакелмес базары», «Вахта», «Перзентхана» сынды сатиралық туындылары арқылы жиналған әзілсүйер, өнерсүйер көрермендерді әртүрлі эмоцияға жетелеп, мерекелік көңіл-күй сыйлап, зор ризашылығына бөленді.