Атыраулықтар әлем біріншілігінде топ жарды (+ФОТО)

Атыраулық таеквондошылар әлем чемпионатынан үш медаль жеңіп алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атыраулық таевкондошылар әлем чемпионатынан жеңіспен оралды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Иран астанасы Тегеран қаласында 23-29 қараша аралығында таеквондодан әскерилер арасында CISM әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 20-дан астам елінен 300 спортшы, ҚР қарулы күштер командасының атынан 11 спортшы қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 3 спортшы қыздарымыз өнер көрсетті. Сәуле Сардарова бастаған Атырау облысының қыздар командасы, яғни 57 келіде Мария Севостьянова алтын, 49 келіде Нұрай Бауыржанова күміс және 73 келіде Жансель Дениз қола жүлдеге ие болды.

 - Атырау облысынан 3 спортшы қатысты. Осы чемпионатқа екі ай дайындалдық, бірнеше мәрте оқу-жаттығу жиындары өтті. Бұған дейін халықаралық жарыстарға да қатыстық. Шәкірттерім үшін қуаныштымын. Осындай үлкен аренада ел абыройын асқақтатса – бұл мен үшін үлкен бақыт деді, аға жаттықтырушы Сәуле Сардарова.

Айта кетейік, қазіргі таңда Атырау облысының спорт мектептерінде 1031 спортшы таеквондомен айналысады.

Фото: облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі