12 қаңтардан бастап елімізде шетелден әкелінген көліктерді сақтандыруға тыйым салынады дегенді естіген атыраулық көлік жүргізушілер сақтандыру тұрағының маңына жиналды.
Компания қызметкерлері де шетелден келген көліктерді енді сақтандыру мүмкін еместігіне көпті сендіріп жатыр. Алайда олардың басшылыққа алып отырғандары «Бастығым айтты» деген сөз ғана.
Вокзал маңы мөлтекауданындағы тұрақта көліктерін сақтандыруға жиналғандардың саны көп. Олардың дені ертеңнен бастап шетелдік көліктерді сақтандыра алмаймыз деп жанталасып жүр. Ал, кейбіреуі бұл туралы ресми ақпарат болмағандықтан, алаңдауға еш негіз жоқ деп есептейді.
«Тараған ақпараттардағы дереккөздер «Koleso.kz» сайтына сілтеме жасаған. Бұл туралы ресми органдардың сайттарынан немесе «Egov.kz» порталынан таппадым. Сондықтан, «ертеңнен бастап шетелдік көліктерді сақтандыру тоқтатылады» дегенге сену қиын» дейді атыраулық жүргізушілердің бірі.
Білгеніміздей, сақтандыру бағасы бұрынғыдан қымбаттаған. Оны сақтандыру компаниясының қызметкерлері айлық есептік көрсеткіштің өсуінен деп түсіндірді. Алайда, жүргізушілер күні кеше ғана 25 мың теңгеге рәсімделген сақтандыру қызметі құнының бүгін 38 мың теңгеден бір-ақ шыққанын айтады.
Көпті толғандырған бұл мәселе жөнінде облыстық әділет басқармасы мен полиция департаментіне хабарластық. Алайда олар әзірге ресми ақпарат беруден бас тартты.
Еске сала кетейік, «Koleso.kz» 12 қаңтарға дейін рәсімделген полистер мерзімі аяқталғанша жарамды болатынын, Президент Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енетін өзгерістер мен толықтырулар туралы заңына сәйкес көлік иелерін міндетті сақтандыру және «Жол жүрісі туралы» заңдарға өзгерістер енгенін жазған болатын.