Атыраулық шенеунік Нұрлы Хабиева қызметінен босатылды

Бұл туралы Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы тексеруден соң Нұрлы Тауфихқызы Хабиева қызметінен босатылды.

Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің 2022 жылғы 9 қарашадағы хаты бойынша қала әкімі аппаратымен  қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде заң бұзушылықтар орын алғандығы анықталды.

Осы ретте, қала әкімдігінің бірыңғай тәртіптік комиссиясының отырысында Н.Хабиева кінәлі деп танылды. Бұған дейін де қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жазасы болған. Осыған орай тексеру қорытындысымен қала әкімі тарапынан Н.Хабиеваны атқарып отырған лауазымынан босату туралы өкім қабылданды.

Ал бүгіннен бастап бөлім басшысының уақытша міндеті бөлім басшысының орынбасары Анар Жеңісқызы Жеңісоваға  жүктелді. Алдағы уақытта жаңа басшыны тағайындау конкурс арқылы жүргізіледі.

Айта кетейік, Н.Хабиева Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімін 11 жыл басқарды.